Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана күніне орай үйлер жаппай таратылады деп жұртқа смс жіберген келіншек ұсталды

30 жастағы әйелдің жалған хабарламасынан кейін  үй аламыз деген халықтың  шуы әлі басылған жоқ. Ал кешеден бері 10 жүздік телім тиеді деп Астана әкімдігін жағалаған жұрт,  бүгін  де тарқамаған. Себебі оларға да осы тектес Cмс-хабарламалар келген.

chto-takoe-korporativnyi-sms-server

Сурет: www.skomplekt.com 

 

Бұл туралы “31 арна” хабарлайды.

Осымен екінші күн жұрт жаппай әкімдік алдын торуылдап жүр. Тіпті осында түнімен отырғандар бар екен. Бәрінің үміті сол 10 жүздік телім. Кеше әкімдік жер биыл берілмейді десе де, ешкімнің алаңнан аяқ аттап басқысы жоқ. Себебі мұндағы қызметкерлер кезек жасап, тұрғындардың өтініш-құжаттарын қабылдап жатыр. Сондықтан телімнен құр қалуға қорыққан жұрт ұлтарақтай жер әйтеуір бұйырады ма деп үміттеніп отыр.

“Құр үміттендірмей алдымызға шығып жер берілмейді, тараңдар” деп айтсын дейді жиналғандар. Алайда жеті өңірде жер биыл беріледі деген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасына кеше әкімдік жауап берген. Астана мен Алматыда дайын жер жоқтығын да айтқан.

“Астананың бас жоспарына сәйкес 45 мың жеке тұрғын үй көзделген. Оның 30 мыңы салынып қойылды. 2030 жылға дейін аталмыш жерлерге су жүргізіліп, электр тартылғаннан кейін ғана қалғанын бере аламыз. Әзір жерлер дайын емес”, – дейді Астана қаласы жер қатынастар басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркенов.

Бірақ тұрғындар тарқар емес. Әкімдік болса, өтініштерді қабылдамауға құқығымыз жоқ деп отыр. Бірақ, өтініш қабылданды деген – жер беріледі дегенді білдірмесе керек. Ал сенгіш жұрттың топталып жиналғанын пайдаланған бәзбіреулер мұнда кәдімгідей бизнес жасап жүр. Мұнсыз қабылдамайды деп сендіріп, өтініш жазатын бланкыны 100 теңгеге саудалағандар табылды.

Бір парақты 100-50 теңгеге алып жатқандар тіпті телім таратылады деген хабарлама алғанын айтады. Ол үшін әкімдікке келіңдер деген мәтін де болған. Ал күні кеше мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер беріледі деп смс таратып, жұртты дүрліктірген келіншек бүгін ұсталыпты. Бұрын алаяқтық үшін істі болған 30 жастағы әйел осы жолғы жалған хабарламасы үшін 1 жылға сотталуы мүмкін.

“Күдіктіге тиесілі телефон, сим карта тәркіленді. Тергеу барысында анықталғандай бұрын бұл азаматша қылмыстық іске тартылған”, – дейді Астана қаласы, ІІД баспасөз жетекшісі Софья Әнуарбекова.

Ал телім бойынша смс жібергендердің кім екені әзірге белгісіз. Жауапты органдар мән-жайды анықтауға уәде берген.

Талқылау