Алматыдағы атыста жараланған полицейдің қанын тоқтатқан жастар болған жайтты айтып берді
Алматыдағы атыста қарапайым тұрғындар да ерлік көрсеткен. Жантүршігерлік оқиға кезінде түсірілген таспалардың бірінде қандықол қылмыскерден қорықпай, жараланған полицейлерге көмекке жүгірген 1 жігіт пен 3 қыз кадрге түсіп қалыпты. Лаңкестің жақын маңайда жүргеніне қарамастан, 3-еуі қансыраған қызметкерлердің жарасын таңып, қанын тоқтатуға әркеттенген. Жастар болған оқиғаны толық баяндап берді, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Куәгерлер түсірген таспа осы. Мұнда лейтенант Тимур Бегасылов әлі тірі кезі. Қандықол қылмыскер оны ауыр жаралап, полицей қызылала қан боп жатыр. Нұрбақыт Дәуітқұлов осы кезде дереу жұмысынан жүгіріп шығып, жаралы жігітке жанталаса көмек берген.
“Қанына қақалып жатыр екен. Кейін көтеріп алып мұрнын, аузын тазалап демалттық. Сәл өз-өзіне келді, бірақ шок алғаны байқалды”, – дейді оқиға куәгері Нұрбақыт Дәуітқұлов.
Ащы шындығы сол, қалған жұрттың шамасы болған жайтты тек телефонға түсіріп тұруға ғана жеткен. Ал Нұрбақыт Тимурдың жаралы басын жерге тигізбей қанды тоқтату үшін барынша тырысып баққан. Тағы 3 қыз оған барынша көмектескен. Дарья мойнындағы жарасын таңса, ал Анастасия есімді бойжеткен жолда бинт іздеп, дәрі-дәрмекке жүгірген. Надежда болса жылдам жедел-жәрдем шақыртыпты.
“Сақалдыны бірден байқадық. Ол полиция қызметкеріне оқ атты. Ал көліктегі полицейді өлтіріп тастады. Біз бірден ойланбастан көмекке ұмтылдық”, – дейді оқиға куәгері Надежда Александрова.
Қыздар қатты қорықса да, полицейді жалғыз тастамауға бел буыпты. Жақын маңайда лаңкестің қару асынып жүргеніне қарамастан, Бегасыловтың жарасын таңуға тәуекел еткен. Бәрінен бұрын сол кезде оқиғаны қызықтап тұрған адамдардың салқынқандылығы бойжеткендердің жанына батады.
“Бәрінен бұрын қарап тұрған адамдар жанға батты. Оларға телефонға түсірген әлдеқайда қызық болды. ол жағдайды ешқашан ұмытпаспын”, – дейді оқиға куәгері Анастасия Харламова.
Лейтенанттың аурухана төсегінде бақилық болғанын естіп жастар егіле жылаған. Қолынан келген көмегін аямаған олар туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Жіберіп алмаңыз:
Алматыда полицейлерді қырған лаңкестің әйелі халықтан кешірім сұрады
Атыс жасаған террорист не себепті бейбіт тұрғындарға оқ атқанын айтып берді
Алматыда атыс жасаған террористің енесі күйеу баласын өлім жазасына кесуді сұрады
Алматыда атыс жасаған лаңкес судья мен прокурорларды өлтірмек болған