Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мектептері “Көк китпен” күресудің амалын тапты

Оның көмегімен «Синий кит» сияқты ойындардан бастап, порнографияға да қатысы бар бүкіл сайттарды бұғаттап тастауға болады. Бұл бастама Білім министрлігі тарапынан да қолдау тауыпты. Ал жобаны жүзеге асырған жеке компания бағдарламаны білім ошақтарына тегін орнатуға келісіп отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

asyldy-620x413

Әр сайттың бұрышында жылтыңдап тұратын жымысқы сілтемелерден бөлек, жасөспірімдерді суицидке шақыратын «Синий кит» сияқты ойынның да көпшілікті уайымға салып қойғаны бар. Оқушыларды ғаламтордағы сондай қауіпті нәрселерден сақтандыратын бағдарламаны Алматыда алғашқылардың бірі болып №12 мектеп-гимназия орнатқан. Тиімділігіне көз жеткен соң, басқа мектептер де қолға алыпты.

“Синий кит”, тағы басқа  ойындардың жасөспірімдер арасында таралуына байланысты, бұл компаниямен байланысымызды ары қарай жалғастырдық.  б Медеу ауданындағы 28 мектептің қазір 20-сына осы фильтр қойылып, жұмыс істеп тұр”, – дейді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақайша Сапарова.

Жаңа бағдарлама балалардың өміріне қауіп төндіріп, санасын улайтын сайтан сайттарды бұғаттап отырады. Ол үшін бағдарламаның қорына 6 тіл бойынша бейәдеп сөздер мен адам өміріне қауіп төндіретін терминдер енгізілген. Оның ішінде қазақ тілі бойынша 3 мыңға тарта сөз жүр. Кімде-кім солардың қайсыбірін жаза қалса, экранда ескерту шығып, сайт ашылмай қалады.

“Қазақ тілінің морфологиясын қостық. Қазақ тілінің боқауыз сөздері көп екен , соның бәрін қостық. Қазақ тілінде  бала порнография араласқан сайттарды көре алмайды. Өз-өзіне қол жұмсатқызатын сайттарды 100 пайыз көре алмайды”, – дейді жоба жетекшісі Абылайхан Жақанов.

Дәл осындай жоба Ресейде 12 мыңнан астам мектепте орнатылған екен. Ал атышулы «Синий кит» ойыны туралы көп айтыла бастағалы бері осы Медеу ауданында бір жасөспірімнің сол ойынға тіркелгені анықталыпты. Сондықтан бұндай ғаламтор сүзгісін мектеп компьютерлеріне орнатуға жергілікті басшылық бірден келіскен.

Ата-аналар мен мұғалімдердің көңілінен шыққан бұл бастаманы еліміздің Білім министрлігі де қолдап отыр. Ғаламтордағы «Синий кит» ойынынан бөлек, қарапайым боқауызға дейін бұғаттап тастайтын бағдарлама әзірге тек мектеп қабырғасында ғана тегін жұмыс істейді. Ал баланы үйдегі интернет кеселінен толық қорғау үшін ата-аналарға ақы төлеуге тура келеді.

Талқылау