Ақтөбедегі аты шулы емші Қыдыр атаның бір күні

 Ақтөбеде Қыдыр ата деген емші барын  біліп еліміздің барлық облысын былай қойғанда, арнайы шетелден келіп емделетіндер көп. Қыдыр ата деген кім? Емді қалай жүргізеді? Расымен де осы кісінің алдына келіп  дертіне дауа тапқандар бар ма? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін STAN.KZ сайтының тілшісі арнайы  Жанарыс Жақсылықұлы ақсақалдың бір күндік  жұмысын бірге жүріп бақылап көрген еді.

емші12

Қыдыр ата өзін тек суреттен ғана түсіруге рұқсат берді.

Осыдан санаулы жыл бұрын Ақтөбенің ескі бөлігінде атыс болып, Қыдыр атаны кепілге алды деген хабар тараған болатын. Кейін бұл ақпараттың жалған екендігі белгілі болды. Емші әлі күнге дейін өзінің үйінің ауласында, шағын гаражда халықты дертінен айықтырумен айналысып жүр.

емші11

Қыдыр ата жаңадан емделуге келгендерді алдымен камераға жазып алады. Дертінен айыққан кезде  емінің нәтижесін де түсіріп отырады. Бұл жазбаларды келесі жолы келген кісілерге көрсетіп отырады екен.

«Қыдыр ата» деп халық арасында танылып кеткенімен, оның шын есімі Жанарыс Жақсылықұлы. Үйінің маңында қысы-жазы ығы-жығы халық. Басы ауырып, балтыры сыздағандар Атырау, Ақтау, Көкшетау, Орал қалаларынан ағылып жатыр. Ақтөбе облысының шалғай ауылынан ем іздеп келгендер де осында.

емші9

Емделушілермен болған кездесуінде Қыдыр ата өзінің сантехник екенін бірнеше рет айтты. Ол емшілер мен балгерлерге сенбеу керектігін сан мәрте қайталаумен болды.

Қыдыр ата, бір қарағанда, орта жастағы азамат. Сөйлегенде көп әзілдейді. Келген адамдарды үнемі күлдіріп отырады. Қарапайымдылығымен, сауаттылығымен баурап алуға тырысып бағады. Бір көргенде сондай әсер қалдыруға тырысады.

Емшіге келетіндердің дені арақты қоя алмай жүргендер. 30 жастағы жігіт, екі баланың әкесі, салынып ішпейтінін, алайда бір ішсе, ештеңе көрмейтін деңгейге жететінін айтып, көмек сұрап келген. Бұл жігітті жаман әдетінен арылту үшін Қыдыр атаға анасы ертіп келген.

емші4
«Менің қоятын талаптарымның бірі, әрі бастысы – араққа мүлдем жақындамау керек. Тентек суды барлығы ішеді. Басшылар да, қосшылар да. Бірақ одан келер зиян шаш етектен. Егер сен арақты қоямын деп сөз берсең, арақты қоюың керек. Егер сөзіңде тұрмасаң, өзіңе қиын болады. Қатын болғаның!, – дейді Қыдыр ата.

емші1

Емшінің есігінің сыртында тұрып көмек сұрап,жалбарынатындар да көп екен.
Араққа салынып кетіп, араша сұрап келгендердің қатарында алпысты алқамдаған ағайлар да бар. Пайғамбар жасына шыққан бір ақтөбелік азаматты емші жерге қаратты.

емші3
«Ұялатын кезің болды ғой. Бала-шағаң бар, немелерің бар. Несіне әуреленіп жүрсің, бәлкім саған екінші қатын алып беру керек шығар, – деп бір күлдірді жиналған халықты.

Жолығатындардың бірсыпырасы бала көтере алмай жүргендер. Некелескендеріне 5-6 жыл өтсе де сәби сүймегендер жұптасып келіп, емшіден көмек сұрайды. Ақтөбелік бір келіншекке ішіндегі баласының өлі екендігі туралы дәрігерлер айтыпты. Алайда Қыдыр атаның алдына келгенде оның нәрестесі тірі екені белгілі болды. Онсыз да депресссияда жүрген келіншек не сенерін, не сенберін білмей, есеңгіреп қалды.

«Мен сантехник болсам да, өзімді кейде гинеколог сезініп кетемін» деген ол Қытайдан келген оралман келіншекке «сен егіз көтересің, егер мен қойған шарттарды орындамасаң, екі балаңды қайтып аламын» деп салды. Қуанғаннан көзіне жас алған жас келіншек алғысын жаудырып жатты.

Егде жастағы әйел белін ала алмай, жүре алмайтынын айтып, санаулы ай бұрын жолыққан екен. Оралдағы жұмысына оралатынын жеткізген ол жанына немересін ертіп алыпты. 22 жастағы немересі қанша жерден келіп тұрған соң, Қыдыр атадан «ішпейтін, шекпейтін жігіт тауып беруін» өтінді. Әзілқой емші қасындағы бейнеоператор жігітке қарап, «бар, танысып ал, сен ішпейсің, шылым шекпейсің ғой» дейді өзі де күліп, жұртты да күлдіріп.

емші7

Қаша сыртында кезек күткен халықты Қыдыр атаның алдында сөйлеу,өзін ұстау ережесімен таныстырып жүретін арнайы ксі бар.

«Қазір адамдар қолы босаса, арақ ішуге құмар. Өсиет айтудың орнына өсек айтылады. Туған күн, той десе, бәрін ұмытады. Ішпеу керек. Үйде де арақ ұстамау керек. Арақ ішпеймін, шошқа етін жемеймін, барлығы керемет деп отыруға да болмайды. Көшедегі қайыршыға бес тиын берсең де, оның арақ алып ішпейтініне көз жеткізіп ал. Өзгеге арақ құйып берме, шошқа етінен жасалған шұжықты да кесіп беруге болмайды, есебін өзің бересің ғой, – дейді емші сөз арасында.

Семіздікке душар болған көкшетаулық азаматша алыстап ат арылтып келген. Емші оған «кола мен зиянды тамақтарды көп тұтынасың» деп ұрысып тастады. Артынша, жағдайының жақсаратындығын айтып, қуантты.

Көмек сұрап келгендердің бірі Темір ауданынан келген дәрігер әйел. Медицина саласында өмір бойы еңбек етсе де, жазылмас дертке шалдыққанын айтып, Қыдыр атадан көмек сұрайды.

Науқастардың бірі түсінде елде соғыс болып жатқанын тілге тиек етті. Емші ол туралы хабардар екенін жеткізгенімен, тарқатып ештеңе айтпады.

Кездесу барысында жиналғандардың назарына видеоматериал ұсынылды. Қыдыр атамен кезедскен танымал тұлғаларды аңғару қиынға соқпады. Олардың қатарында ғарышкер, актер, шоу-бизнес өкілдері, қоғам қайраткерлері көп-ақ. Жанарыс Жақсылықұлы өзінің туған бауыры Жасарал Еңсеповтың домбыраны әлемге паш еткенін айтып, мақтанып қалды.

Италиядан, Ресейден, Германиядан келіп ем алушылар жоқ емес екен. Көршілес елдің тұрғындары Қыдыр атаны құттықтап, қолдарына емшінің есімі жазылған туды желбіретіп, көктен парашютпен секіргені жайлы видео да келгендердің назарына ұсынылды.

емші5

Ем алушыларды қабылдап болған соң, Қыдыр ата музыкамен емдеу процесін бастап кетті. «Меломен» тобының діни әуенінен басталған процедура орыстың, шетелдің инструменталды әуендерімен жалғасты. Бұл кезде жиналғандар көздерін жұмып, жаратқаннан тілек тілеулері керек екен. Көзін жұмып алған емделушілердің арасында дауыс шығарып жылағандар да болды.

Қыстыгүні ем жүргізілетін гараж маңына жиналғандар аса көп емес. Таңертең емге кіргендер түстен кейін сағат 3-4-тер шамасында шығады.

емші2

Далаға жиналған адамдарға бір келіншек үнемі Қыдыр атаның болуы мүмкін қасиеттерін айтудан жалығар емес. Соның арқасында жолы ашылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айтумен болды. Қызмет етіп, екі-үш жігіт жүгіріп жүр. Келгендерді кезекпен кіргізіп, орындарына отырғызып, емшінің алдында қалай сөйлеу керектігіне дейін егжей-тегжей түсіндіріп беріп жүр.

Ем алуға келгендер емшінің қызметіне ақшалай не заттай алғыстарын жеткізіп жатыр. Нақты ставкасы қойылмады дегенмен, рахмет айтып келгендер конверттер тапсырып жатты. Кейбірі кәмпиттер әкеліп береді. Тәттінің тым көп болып кеткенін айтқан емші «кәмпитті көп жеп, тісім ауырып жүр» дейді әзілдеп.

емші13

емші8

Stan.kz тілшісі сыртта тұрғандармен де тілдесті. Қандыағаштан келген жұбайлар «қолда бардың қадірін білмейтіндерін» айтып жатты. «Сонау шет мемлекеттерден адамдар келіп жатыр. Ал біз мына іргелес ауылда тұрып-ақ келеміз деп жүргенде көп уақытымызды жоғалтып алдық», дейді жұбайлар. Гараж есігіне маңдайларын тигізіп жалбарынып тұрғандар аз болмады. Көбіне емшінің үйіне келетіндер – әйел адамдар.

емші14

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
26.09.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар