Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде тасқыннан үйі қираған жұртқа 100 мың теңге өтемақы берілуі мүмкін

Ақтөбеде тасқыннан үйі қираған жұртқа 100 мың теңге өтемақы берілуі мүмкін. Бұл биліктің қиялы емес. Ақтөбелік шенеуніктер, жүз мың теңгеге үй тұрғызуға болады дегенге шынымен де сенетін сияқты. Ал, сенбегендерге, қысым көрсетіп, бұл өтемақыға көңіліміз толады” деген бағанаға күштеп қол қойдыртып жатқан көрінеді.

0123564

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Бұл біздің тұрғындардың өз аузынан естігеніміз. Ал, көмектен бас тартсаңдар, тіпті бір тиынсыз қаласыңдар деп қорқытады дейді. Далада қалған жұрт, жүз мыңмен қай жыртығымызды жамаймыз деп зар жылап отыр. Алтынай суда қалған дүние – мүлкін лақтыруға қимай, күнге кептіру үшін далаға шығарып қоюды әдетке айналдырған. Жылдар бойы тірнектеп жинаған қаржыға үй салып, ішіне керек – жарағын жинадым,- дейді.

Он жыл бойы қалада пәтер жағалап жүрген соң осы жерді арзан бағаға амалдың жоқтығынан алыпты. Бірақ тасқынның ортасында қалған баспанасы да, жиһаздары да жарамсыз болып, еңбегім еш кетті дейді. Ал әкімдік өкілдері көмектесудің орнына, керісінше қорқытып 100 000 теңге беру туралы қолхат жаздырып алғандарын айтады. Ал бұл азамат әкімшіліктің дайындап берген қолхатын жазуға түбегейлі қарсы болғаным үшін жазықты болды дейді. Енді көмектен де, беріліп жатқан жерден де құр қалдым деп жылайды.

“Үкіметтен ешқандай көмек алғаным жоқ. Маған 100 000 теңге алып, қолхат жазып бер, басқа ештеңе сұрама,- деді. Маған қара жерді де қимай отыр. Қара жер сұрап отырмын ғой. Басқа ештеңе сұрап отырғаным жоқ. 100 000 теңгені мен не істеймін? Қай керегіме жаратамын. Ойлаңдаршы. Қараңдаршы”, – дейді тұрғын Ақтөре Өтешова.

Үйге кірген судың деңгейі міне адам бойынан асады. Суда қалған дүние – мүлік іске аспайды. Түрі осындай. Едендері көтеріліп, жарлары сөгіліп, тіпті құлап та жатыр. Енді тұрғындар әкімшіліктің ал деп отырған 100 000 теңгесі мына қираған үйді ретке келтіруге жұмсалатын шығындардың жартысына да жетпейді деп отыр.

Ал жергілікті әкімшіліктегілер болса 100 000 теңге көлеміндегі көмектің  беріліп жатқанын жоққа шығармайды. Айтуларынша, қаржылық көмек әр үйдің жөндеу шығындарына қарай  есептеледі. Алайда қолхатты ешкімге күштеп жаздырып жатқан жоқпыз дейді.

“Ол тұрғындардың өздері арыз жазады. Оларды ешкім күштемейді. 100 000 теңге көлемінде, 150 000 теңге көлемінде әрбір азамат өзінің үйінің көлеміне қарай өздері айтып келіп жатыр”, – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева.

Билік өкілдерінің айтуынша, судан зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр. 65 отбасыға ақысыз жер телімі берілген. Пәтер кілттерін де алып жатқандар бар дейді. Ал әлі де болса арызы қаралмаған, яғни ешқандай  көмек көрмеген 400 – ге жуық отбасы тағы бар екен.


Жіберіп алмаңыз:

Денсаулық сақтау министрлігі дәріханалардағы қымбатшылықпен күресуге кірісті

Павлодарда жоғалған келіншектің ұлына туыстары таласып жатыр

Ақтөбеде түрмеден қашқандарды ұстаған майор медальмен марапатталды

Басындағы битті керосинмен улаған оқушы жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Талқылау