Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мектеп оқушысының жұқпалы туберкулез ауруына шалдыққаны анықталды

Ақтөбенің мектептерінің бірінде оқушыларға жаппай екпе салып жатыр. Дәрігерлердің былайша дүрлігуіне 4-сынып оқушысының туберекулездің ашық түріне шалдыққаны себеп болыпты.

Сырқат баланы дереу оқшаулап, қалған оқушыларды жаппай тексеріп жатқанымен, алғашқы нәтижелерді естігелі ата-аналарда да маза жоқ. Өйткені, екпе салған оқушылардың 30 пайызынан оң нәтиже шыққан. Бұл нені білдіреді? Өзге оқушыларды жұқпалы дерттен қалай қорғамақшы? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Құрт ауруы анықталғалы мектептің медбикелері бастауыш сыныптың оқушыларына манту сынамасын қойып жатыр. 987 балаға екпе салыпты. Ал жоғары сыныптағыларды рентгенге жіберген. Дертке 4-сыныптың оқушысы шалдыққан. Баланың туберкулез жұқтырғанны ұстаздары түгілі, ата-анасы да аңғармапты. Бастапқыда бронхит деп ойлаған.

«Ол 27-қыркүйек күні ауырып отырды да сабақта, ата-анасы алып кетті. Одан кейін баланы ата-анасы больницаға жатқызған. 3 қазан күні бізге хабарлады ауырып жатқаны туралы. Осы уақытқа дейін ол баладан мұндай ауру білінген жоқ. Біз ойлаймыз, жазда мүмкін жұқтырып алған шығар, каникул енді үш ай болды ғой. Жалпы, семья жағдайы өте жақсы, әл-ауқаты жақсы семья» – дейді №10 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Иманова.

Қазір науқас бала оқитын 4-сыныптағы 23 жеткіншек пен мұғалімінен бөлек, бүкіл мектептің оқушысын тексеріп жатыр. Ғимаратқа дереу санитарлық дезинфекция жасаған. Бірақ, сонда да ата-аналарда баламыздың өкпесінен кінәрат табылып қала ма деген күдік басым.

– Біз білген жоқпыз, бірақ манту алсын деп айтты, сосын келістік

– Әрине балаларымыз үшін қорқамыз. Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындау керек ғой. Мен естімедім сондай ауру шықты деп.

Ата-аналардың алаңдайтын жөні бар екен. Екпе салған оқушылардың 30%-нан оң нәтиже шыққан. Яғни, олардың ағзасы туберкулез таяқшаларын қабылдауға бейім деген сөз.
«1000 бала деп алсақ, соның 50% манту сынамасы қойылды, оның 30% положительный. Организмі туберкулезді қауіптілігі басым болып келеді. Оң болған балалардың бәрі қосымша лабораториялық тексеруден және фтизиатр дәрігерінің кеңесінен өтеді» – дейді №4 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлбақыт Қоңырова.

Бастауыш сыныптың оқушысы сырқатты қайдан жұқтырғанын әрі қарай фтизиатр дәрігерлер анықтайтын болады. Қазір ол туберкулезге қарсы диспансердер емделіп жатыр. Жалпы, мектеп бойынша тексерудің нәтижесі 2 аптадан соң шығады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау