Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескерткіші елеусіз қалды": Атақты Балуан Шолақтың ұрпақтары биліктен көмек сұрады

Ақмола облысындағы Өзектісайда жерленген алып күш иесі Балуан Шолақ бабамыздың қабіріне орнатылған мемориалдық кешен қаңырап бос қалды. Жергілікті билік жол салу үшін ақша таба алмай отырғандарын айтады. Тарихи мемориалдың бүгінде тоз-тозы шыққан. Балуанның немерелері биліктен жағдайға араласуын сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 


Ескерткіш қорғауға алынбай, жауын шашыннан мүжіліп, тақта тастары опырылып құлай бастапты. Балуан Шолақ бабамыздың ескерткіші осындай күйге жетіп, елеусіз қалғанына ұрпақтары қынжылып отыр.

“Балуан Шолақ атамыздың зираты ауылдан бес шақырымда. Бірақ сол бес шақырым жолмен жүру қиын, жол жасалмаған. Зираттың басы да жөндеу көрмеген. Келген кісілер де соны ренжіп айтады. Сондай ұлы атамыздың басын дұрыстап қарамайды. Балуан Шолақ атамыз бүкіл қазақ еліміздің мақтанышы ғой”, – дейді балуанның немересі Шайдолла Шолақов.

Көкшетауда өткен бір жиында 51 пұт, яғни 830 келідей кірдің тасын көтеріп дүйім жұртты таңғалдырған балуанның әрекетін күні бүгінге дейін ешбір адам қайталап көрмепті. Осыны айтып, атасының керемет күш иесі болғанына мақтанған тағы бір немересі оның нақты бейнесі әлі күнге дейін дұрыс сомдалмай жүргендігіне ренжулі.

“Нақты атамыздың бейнесін сомдалып жақсы фильмдер түсірілсе. Көрінген шалдың фотографиясын кітаптарға шығарып жатыр. Өздері соны жазғанда, басқанда қарамай ма? Сондай алып адамға ұқсай ма? Кинода көрсетіп жатқандары, суретте көрсетіп жатқаны бір кемсіту сияқты, соған ренжимін”, – дейді Айбат Шолақова.

Мемориалдық кешенді 2005 жылы Балуан Шолақтың бейітіне орнатқан. Бұл Ұлы бабаның 140 жылдығына арналған сыйлық болды. Содан кейін ауыл билігі асфальттан төселген жол салуға уәде берген. Бірақ жоба іске асырылмапты. Ақынның немерелері шенеуніктерден бірнеше рет көмек сұрағанын айтады. Алайда мәселе шешілмеген. Аудандық әкімдік бұндай жағдайға өздері де қапалы екендерін айтады. Тек жергілікті қазынада ақша жоқ. Сондықтан шенеуніктер республикалық бюджеттен қаражат бөлуді сұрайды.

“Биыл жоба-смета құжаттарын жасап жатыр. Алла жазса, жылдың аяғына дейін ол құжат шығуға тиіс. Бәлендей сома деп айта алмаймын, шыққаннан кейін белгілі болады. Ауданның қаражаты, дотация қаржысы болмауы да көп созылып кетті”, – дейді Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов. 

Облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының басшылары бұл кешен қорғалуға тиіс нысандар қатарына енбей қалғанын, енді ғана комиссияға ұсынатынын айтты. Балуан ұрпақтары енді жол мен жөндеуге қаражат табылғанша күте тұруына тура келеді. 

Талқылау