Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығында тұр": Тоқаев ел қауіпсіздігін сақтауға сөз берді

Фото: pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде геосаяси және әскери қауіптердің күшейіп жатқанын айтып, Қазақстан азаматтарын сабыр сақтауға және арандатуларға ермеуге шақырды. Мемлекет басшысы ел қауіпсіздігін қорғау үшін саяси-дипломатиялық құралдардың барлығы қолданылатынын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда әлемде геосаяси, әскери және экономикалық тәуекелдер күшейіп, жаһандық тұрақсыздық артып отыр.

"Осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын. Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн", – деп түсіндірді ел президенті.

Бұған қоса, Тоқаев президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшін салатынын атап өтті.

"Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ. Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет. Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады. Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет", – деді мемлекет басшысы.



Еске салайық, бұған дейін Таяу Шығыстағы шиеленіс соңғы жылдары Иран мен АҚШ-тың аймақтағы одақтастары арасындағы қақтығыстардың күшеюіне байланысты ушығып отырғанын жазған едік. Иран бірнеше рет Парсы шығанағындағы АҚШ мүдделеріне соққы беретінін мәлімдеген, ал аймақтағы елдер қауіпсіздік шараларын күшейтіп келеді. Катар болса жағдайдың одан әрі ушығуы ірі соғысқа және гуманитарлық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтып, тараптарды дипломатиялық жолмен келіссөз жүргізуге шақырып отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 14:31