Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұманғарин жылу және электр энергиясы тарифтерінің өсетінін ескертті

Фото: freepik.com

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда жылу және электр энергиясы тарифтері алдағы уақытта өсетінін айтты. Оның айтуынша, 2025 жылы еліміз көлік пен энергоресурстар бағасының қымбаттауының әсерін айқын сезінген.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Менің ойымша, тарифтердің ең үлкен әсері биылғы жылы білінді. Себебі біз теміржол тарифтерін 24%-ға, газды 33%-ға көтердік. Жылу мен электр энергиясының бағасы газ құнына байланысты", – деді Жұманғарин Мәжіліс кулуарында журналистерге.

Министрдің айтуынша, бұл — тосын шешімдер емес, керісінше, инфрақұрылымдағы коллапсты болдырмауға бағытталған қадамдар. Қазіргі инфрақұрылым онсыз да аса ауыр жағдайда.

"Қалғаны – ұсақ-түйек позициялар. Біз бәрін 1 сәуірден бастап бірден енгіземіз деп жатқан жоқпыз ғой", - деді ол келесі жылы тарифтер күрт өседі деген қауесеттерге қатысты.

Серік Жұманғарин мұндай реформаларды 18 жыл бұрын да бастауға талпыныс болғанын, бірақ қоғамдық қысым мен тексерулерге байланысты жоба тоқтап қалғанын айтты.

"18 жыл бұрын біз бұл бағдарламаны іске қоса бастадық, бірақ кейін тексеріс жүргізілді, айқай-шу шықты, жанжал болды, содан кейін бәрі тоқтап қалды. Ол кезде тозу деңгейі 75–80%-ға жеткен. Қазір, мүмкін, одан да жоғары болуы мүмкін", - деді министр.

Ол егер қазір инфрақұрылымды жаңғырту басталмаса, кейін бұл мәселенің салдары бюджетке де, халыққа да әлдеқайда ауыр тиетінін атап өтті.

"Егер біз мұны қазір бастамасақ, кейін үлгере алмай қаламыз, жаңа қаражат іздеуге тура келеді", - деп түйіндеді Жұманғарин.

Бұған дейін Астанада жылу тарифі шамамен үштен бірге өсуі мүмкін екені хабарланған еді. Жылу жеткізуші компаниялар тарифті 36%-ға көтеруді жалақы, несие төлемдері мен инфрақұрылымды жөндеуге кететін шығын өсімімен түсіндірген.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет дағдарысқа қарсы шараларын жариялаған болатын.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 15:48
Талқылау