"Жұмаққа барады" - Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болған ұшқыштың жары
Алматы облысында әуе апатынан опат болғандар жер қойнына тапсырылды. Қызмет барысында қаза тапқан 4 әскеримен туыстары, әріптестері мен ауылдастары қоштасты. Сол апаттан зардап шеккен бір науқастың жағдайы жақсарып келеді, дейді дәрігерлер. Тек экипаж командирі Артем Аширов әлі хәл үстінде жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Авиация бөлімінің штурманы Ғабит Барлықбаевты ет жақындары марқұмды жер қойнына тапсырды. Қоштасу рәсімі майордың туып-өскен Алматы облысының Бақтыбай ауылында өтті. Қара жамылған отбасы антына адал болған азаматтың қазасына көндігуден басқа амал жоқ деп отыр.
"Мен өзім армандадым. Кеңес үкіметінде ол алыс болатын. Сосын балаларым ұшқыш болса екен деп армандадым. Балаларым үмітімді ақтады. Ғабитөгім, қолбасшыларының үмітін ақтап, өз ісінің маманы болды. Үш балам антына берік болсын деп аманат қылдым. Халқына қызмет қылсын деп. Антын орындады", - деді марқұмның әкесі Есімде Барлықбаев.
36 жастағы Ғабиттің артында жан жары мен кәмелет жасына толмаған үш бірдей баласы қалды.
"Отбасы болғалы еркелеп, ештеңкеге алаңдамай жүрдік. Өзі алаңдатқызбай, бәрін рет-ретімен жасайтын. Сенгісіз жағдайда тұрмыз. Шок болып тұрмыз әлі. Көзің ашық тұрса, сенбейсің. Бәрі түсің сияқты. Шиет кетті ғой. Жұмаққа барады. Сол ғана мені тыныштандырады. Бізге уайымдамай, сол жақта алаңсыз жүрсін деп өз-өзімді ұстап тұрмын", - деді Ғ. Барлықбаевтың жары Гүлзира Орманбекова.
- Қазақстан қалалары үшін 2021 жылға арналған ораза кестесі жарияланды
- Қазақстанда ұшақ пилоттарының жалақысы қандай: Отандық ұшқыш жұмысы, жалақысы мен ырымдар туралы
Қызмет басында бақилық болған тағы үш әскериді де туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Ал Алматы қаласының бас дәрігері қайғылы оқиғадан зардап шеккен бір азаматтың өміріне төнген қауіп сейілгенін айтты. Тек 31 жастағы экипаж командирі Артем Ашировтың жағдайы әлі өзгеріссіз. Оның хал-ахуалын білуге ауруханаға курстастары келді.
"Мамандығын жақсы көретін. Әр ұшқыш өз мамандығын жақсы көреді. Танитын адамың осындай жағдайда жатса – қиын. Тез жазылып кетсін. Әйелі мен екі баласы бар. Бір баласы жақында туған, қырқынан да шықпады", - деді А. Ашировтың курстасы Бақтияр Ақмурзинов.
Өткен сенбіде Нұр-Сұлтан қаласынан көкке көтерілген Шекара қызметінің Ан-26 әскери ұшағы Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлап, лезде отқа оранған болатын. Әуе кемесінің бортында болған 6 адамның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Қазір арнайы құрылған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр.