Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарсы тұруға әлі де уақытымыз бар": "АЭС керек емес" платформасы жұмысын жалғастырып, қоғамдағы иллюзияларды тоқтатпақ

"АЭС керек емес" платформасының өкілдері Қазақстан билігі референдум арқылы саяси процестерде адал бәсекеге дайын емес екенін тағы бір рет көрсетті деп есептейді. Десе де олар АЭС салуға қарсы тұруға әлі уақытымыз бар деп отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, қоғамдағы ядролы энергияға қатысты мифтерді жоймақ. Stan.kz тілшісі олардың пікірі мен алдағы жоспарларын біліп қайтты.

Фото: Stan.kz

Эколог, "Невада-Семей" қозғалысының негізін қалаушы Гүлсім Кәкімжанова жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын және 20 миллион халқы бар ел үшін бұл құрылыстың өте үлкен қаупі бар екенін айтты. Дегенмен болашақта бұның өтемін кімнен талап ететінімізді білеміз деп қорытындылады.

"Басқаша жағдайда менің болжауымша, Үлкен ауылы сол күйі жүзеге аспаған ауқымды жобалардың ауылы болып қала береді. 1978 жылы ол жерге Оңтүстік Қазақстандық ГРЕС-ті салмақ болды, салмады. Кейіннен Оңтүстік Корея ол жерге Балқаш ЖЭС-ін салып береді делінген. Бұл да жүзеге аспады. Енді соңында АЭС салмақ, бірақ бұл Жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын және 20 миллион халқы бар ел үшін осы құрылыстың өте үлкен қаупі бар. Бұл өте шытырман жоба. Бізге "АЭС Қытайда да бар ғой" деп жатады. Ал онда халық саны 1 миллиард, 400 миллион халық тұрады. Францияда 68 миллион, Түркияда 89 миллион халық бар және тағы басқа. Бірақ не болса да жақсы тұсы ретінде болашақта ол қолданыла ма, сол жағын атап кеткім келеді. Болашақта біз бұның өтемін кімнен талап ететінімізді білеміз. Еліміздің азаматтары ретінде талап қоя алатын тұстарымыз бар", – деді "Невада-Семей" қозғалысының негізін қалаушы.

Оның айтуынша, референдум бұрынғы сайлаулар сияқты өздері шамалағандай өтті. Бірақ оның сөзінше, бұл болашақта басқа да референдумдарға, сайлауларға барудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді.

"Өткен жолы да айтқанымыздай біз сайлау учаскелеріне барып дауыс беру мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Мұндай процестер қоғамда баяу, жылдап, онжылдықтап жүреді. АЭС-ті салуда бас құрылысшы кім болатынын әлі білмейміз. Бұл да біздің және қоғамның үнемі бақылауында болатын бөлек бір тақырып. Талқылаулар кезінде АЭС салу бөлек, энергетикалық желілер бөлек және инфраструктура тақырыбы бөлек екеніне көз жеткіздік. Қазақстанда өте үлкен шығын алып келуі мүмкін мұндай жоба салынбағалы көп болды. Салу уақытына тоқталсақ, бұл өте ауқымды уақыт аралығын алмақ. Бұл жобаның инициаторларының жасы 70+ және одан үлкендер. Тек тұңғыш президентте және посткеңестік елдердің кейбір лидерлерінде ғана алда 30 жыл уақыты болды. Ал қазіргі лидерлерде бұл 30 жыл уақыт жоқ. Өлмейтін кейіпкерлер ертегілерде ғана болады”, – деді эколог.

Вадим Ни және Гүлсім Кәкімжанова. Фото Stan.kzВадим Ни және Гүлсім Кәкімжанова. Фото Stan.kz

Ал экологиялық құқық бойынша халықаралық сарапшы Вадим Нидің сөзінше, құрылысқа қарсы тұруға әлі де уақытымыз бар. Ол осы уақыт аралығында қоғамда өріп жүрген ядролы энергия туралы мифтерді сейілте аламыз деп сенеді.

"Меніңше, біз АЭС салуға қарсы тарап ретінде өз үлесімізді қоса алдық. Өңірлерде атом станциясын салуының қажеті жоқ екені туралы жиындарымызды да өткізіп үлгердік. Біз үшін референдум жалпыхалықтық қолдау науқанына айналып кетпеуі маңызды болды. Референдум нәтижесінде өзіміз қалағандай қорытындыға жете алмадық. Нәтижесі халықтың 30%-ы қарсы дауыс берді деп көрсетті. Бұл – экологтар үшін өте көп, ал бірақ референдумды жеңіп шығуға өте аз нәтиже. Бірақ АЭС-ке қарсы тарапқа әлі де көп кезеңнен, жұмыстан өтуге тура келеді. Кейбір объектерге қарасақ, бұл кезең өтпей қалған. Кеңес үкіметі кезіндегі АЭС-терге қарасақ, оның ішінде жүзеге асқаны сол күйі салынбағанынан сәл көп. Сондықтан біздің әлі де біраз уақытымыз бар. Осы уақыт аралығында қоғамда өріп жүрген ядролы энергия туралы мифтерді сейілтуге мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар осыған баланысты иллюзиялар қазақстандықтар үшін қымбатқа соқпауын қадағалай аламыз. “АЭС керек емес” платформасының еңбегі маңызды деп есептеймін. Маған және менің отбасыма АЭС туралы таңылған иллюзияларды референдумның алдында тоқтату жеңіл болар еді. Бірақ бұл проблемаға қатысты жұмысты жалғастыруға тура келеді", – дейді Вадим Ни.

Платформа мүшелерінің бірі қоғам белсендісі Жарқын Күрентаев референдум өткен күні бірқатар заңбұзушылық болғаны туралы айтты.

"Референдум күні тәуелсіз бақылаушыларды ұстағандарына куә болдық. Бірқатар тәуелсіз байқаушылар сайлау учаскелерінен негізсіз шығарылды. Кей учаскелерде хаттамалар жасалмады, заң бұзушылықтарды есепке алуға кедергілер жасалды. Біздің байқаушылар қатысқан барлық сайлау учаскелерінде сайлаушылар аз қатысты және ол сан референдумды өтті деп тануға қажет деңгейге жетпеді", - деді Жарқын Күрентаев.

Саясаттанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі маман Әсель Изтаева да референдумда "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің атынан бақылаушы болғанын айтып берді.

"Ресми дауыс беру таңғы 7-де болғанымен, сағат 6:52-де менің сайлау учаскемде бюллетеньдер жәшікте жатты. Учаскелік комиссия мүшелерінің кінәсінен болған біраз заң бұзушылықтардың алдын алдым. Бірақ жойылмағаны бар, солардың негізінде сотқа арыз беріп жатырмыз. Референдум кезінде бірқатар бақылаушы ұйымдардың өкілдері тәуелсіз бақылаушыларға қатты қысым көрсетті", – дейді саясаттанушы.

Қозғалыс өкілдері референдумда елдегі атом энергетикасын дамыту үшін пайдалануға енгізілетін нақты технология ұсынылған жоқ дейді. Киловатт сағатына қандай баға шығады және біз атом энергиясы үшін төлеуге дайынбыз ба, осы сұрақтар әлі жауапсыз қалып отыр. Дегенмен "АЭС керек емес" платформасының өкілдері құрылысқа қарсы адамдардың көбейіп жатқанына қуанышты. Оның ішінде жастар көп дейді олар.

Еске салайық, 10 қыркүйекте Алматыда азаматтық белсенділер “АЭС керек емес” платформасы құрылғанын мәлімдеді. Аталған платформа арқылы белсенділер елімізде АЭС салуға қарсы азаматтардың көзқарасын тыңдап, билікке жеткізбек. 
 

Талқылау