Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Журналистерге айтсаңдар, тартып аламыз”: Ақтөбеде ерлі-зайыптыны қағып өлтірген полицей жәбірленушілерге үй беріп, талап қойған

Ақтөбеде 34 жастағы полиция қызметкеріне екі баппен айып тағылды. Ол мас күйде түнде велосипедпен үйге қайтып бара жатқан ерлі-зайыптыны қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші тарап пікір білдіруге қорқып отыр. Айыпталушы тарап материалдық көмек берген кезде “журналистерге айтпа” деген талап қойған. 25 жастағы ерлі-зайыптының артында екі бала жетім қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Коллаж/Stan.kz

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі адамның өлтірді деп айыпталған полиция қызметкеріне қатысты соттың алғашқы тыңдалымы өтті.

Сотталушы полиция қызметкері 34 жастағы Азамат Симанов соңғы рет №4 қалалық полиция бөлімінде жедел кезекші болып жұмыс істеген. Отбасылы оның кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар.

“Ол қылмыстық кодексiнің 345-1-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша айыпталады”, – делінген хабарламада.

Велосипедпен жол шетінде кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыны полиция қызметкері көлікпен қаққан. Жол апаты кезінде 25 және 26 жастағы ерлі-зайыпты оқиға орнында мерт болды. Айыптау актісінде полиция қызметкерінің көлікті мас күйінде жүргізгені айтылды.

“Сағат шамамен 00:10-да Азамат Симанов жеңіл дәрежедегі мас күйінде көлікке отырып, Ақжар-2 тұрғын алабы маңында жол ережесін сақтамай, сағатына 121 шақырым жылдамдықпен жүрген. Ол жылдамдықты асырып, жолдағы көру мүмкіндігін ескермеген. Жылдамдықты түсірмеді. Оқиға болған жерде сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүру тиіс. Сол күні Ақжар-2 тұрғын алабында велосипедке мінген 1998 жылы туған ер адам мен 1999 жылы туған әйелді қағыт кетті. Кейін Симанов жол-көлік оқиғасынан кейін қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, оқиға орнынан кетіп қалды. Жәбірленушілерге жедел жәрдем де шақырмады. Сот-медициналық сараптама қорытындысында Симановтың жеңіл дәрежеде масаң күйде болғаны анықталды”, – деді прокурор Сәкен Бертілеуов.

Фото: Stan.kz

Жәбірленуші Кенжебаев бас-ми жарақатынан, көп қан жоғалтқаннан, көптеген дене жарақатынан қайтыс болды. Әйелі де түрлі дене жарақанынан оқиға орнында көз жұмған. Сот отырысы кезінде жәбірленуші тараптан қайтыс болған ерлі-зайыптының аналары отырды. Марқұмдардың 4 және 3 жастағы балалары ата-әжесімен тұрады.

“Немерем мен келінім екеуі сол күні біздің үйге келді. Түнгі  сағат 12:00-де басқа немеремді туған күнімен құттықтап кеткен. Біз Ақжар ауданында тұрамыз. Олар Есет батыр ауданында тұрады. Оқиға қайтар жолда болып тұр. Ол туралы біз тек таңертең естідік. Қазір айыпталушы бізге үш бөлмелі үй алып берді, материалдық көмек көрсетті. Ол жақ бізге үй алып бергенде талап қойды. Құжат дайындау кезінде медиатор әкелді. Шартқа “журналистерге, телевидениеге ештеңе айтпайсыңдар, айтсаңдар келісім шартты бұзып, үйді алып кетеміз” деп жазған. Қазір олардың алып берген үйде әке-шешесі солардың балаларымен тұрып жатыр. Олар осыған дейін пәтер жалдап тұрды”, – деді марқұмдардың әжесі Рая Имашева.

Фото: Stan.kz/Әжесі

Қария соттан ештеңе талап етпейтінін, кешірім беретінін айтты. Сондай-ақ айыпталушыға сот қандай жаза тағайындаса да келісеміз деп отыр.

Талқылау