Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналистерді қолтырауынға теңеген: Депутат кешірім сұрады

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі жазбасы үшін тілшілерден кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат сұхбат алуға асығатын журналистерді қолтырауынға теңеп жазба қалдырған.

Кейін жазбасын өшіріп, тілшілерден кешірім сұрады. Депутат өз жазбасының сәтсіз қалжың болғанын мойындап отыр.

“Жаңа хабарлады, журналистер ренжіп жатыр деп. Енді қалжың түсінбесеңіздер, кешірім өтінемін. Жалпы адамзаттың өмірінде хайуанатпен байланыс өте көп. Соны салыстырмалы түрде философияда жазған едім. Бірақ оны түсінбесеңіздер, енді қайталанбайды”, – дейді депутат Самат Нұртаза. 

Мәжіліс отырысына кіріп бара жатып, өзінің айтуынша, "өте жақсы көңіл күйде болған" депутат осындай жазба қалдырған. Ол бір күн бұрын қолтырауындар туралы бағдарлама көрген екен. Жыртқыш жануар Мара өзенінің ең таяз жерінде зебра мен гнуды күтіп отыратынынан әсер алған депутат, сүйтіп сұхбат алуға асығатын тілшілерді де жемтігін күткен сол қолтырауынға теңеп жазыпты. Тілшілерге мұндай теңеу, әрине, ұнаған жоқ. Мәжілістің бүгінгі отырысында мұның себебін Самат Нұртазаның өзінен сұрады. Жазбаны қалжыңдеп түсіндіруге тырысқанымен, депутаттың бұл әрекеті енді Әдеп кеңесінде қаралатын болады. Спикер Ерлан Қошанов та журналистер арасынан шыққан депутаттың бұл қылығына аң-таң. 

“Нұртаза дедіңіз бе? Кімді, сіздерді қолтырауынға теңеп жүр ме? Неліктен? Ол өзі де кешегі сіздердің әріптестеріңіз қой. Әрине, қолтырауынға немесе басқа хайуанатқа теңеуге болмайды. Егер шынында сондай мәселе болатын болса, онда депутатқа ескерту жасалады”, – деді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. 

 

Талқылау