Журналист Майя Бекбаева “қазақ әйелдерін қорлады” деп айыпталды
Коллаж: Stan.kz
Желіде журналист Мұхтар Түменбай мен Майя Бекбаеваның арасында дау шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұхтар Түменбай Майя Бекбаева видеосында қазақ әйелдері туралы жағымсыз пікір айтқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл видео Алашорда қайраткерлеріне арналған. Видеода журналист олардың орыстан әйел алғанын алға тартқан көрінеді.
“Мына журналистсымақ видеосында сол кездері қазақ әйелдерінің орыс әйелдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болғанын айтып отыр. Қазақ тарихына қатысты бірнеше видео түсірдің екен деп, енді қазақтардың аралас некесі туралы пікір айтуға хақың бар деп ойлайсың ба? Сен алашордашылар өздеріне тең келетін әйелдерді іздеді дейсің. Қазақ әйелдері сол талаптарға сай болмады, бәсекеге қабілетсіз еді дейсің", – деп жазды Мұхтар Түменбай.
Мұхтар Түменбай қазақтың батырлары мен ақындарын дүниеге алып келген қазақ әйелдері екенін айтып ашуланған.
"Онда Еділ-атилла, Керей, Жәнібек, Абылай мен Кенесары сынды ерлерді кім дүниеге әкеліп, кім тәрбиеледі? Иә, сен олардың төре тұқымы екенін айтып қарсы уәж айтуың мүмкін. Онда Бөгенбай мен Қабанбайды, Төле, Қазыбек пенӘйтеке билерді, Махамбет пен Исатай,Сырым мен Кейкідей қайтпас батырларды кім туды, кім тәрбиеледі Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің құлағына күйдің сазын сіңірген кім еді? Ал сендердің орыс келіндерің бізге не берді? Олар өз тілін, мәдениетін, тұрмыс-салтын білмейтін ұрпақты дүниеге әкелді. Тексіз, ессіз мәңгүрттерді тудырды", – деп жазды Түменбай Facebook парақшасында.
Ал Майя Бекбаева бұл уәжбен келіспеген. Ол видеоны қандай оймен жариялағанын жазды.
"Алаш қайраткерлерінің жарлары туралы шығарылымда мүлде басқа мәселе қозғалды. Бұл – қазіргі қазақ қыздарына, олардың ата-анасына, әкелеріне, ағаларына, жұбайларына менің жолдаған үндеуім еді. Себебі, біздің қоғамда қыздарға, әйелдерге деген осындай біржақты, сексистік көзқарас бар екені рас. Маған арналған сіздің жазбаңыз соның айқын дәлелі.
Қазақ әйелі бұл қоғамдағы құрметке, тең қарым-қатынасқа, өз бетінше дамуға, білім алуға, мансап құруға, сүйіп қосылуға құқығы бар екенін талай рет дәлелдеді, бұл құқықты талай қиындықпен жеңіп алды. Енді қазақ әйелі өзіне жасалып жатқан мұндай қарым-қатынасқа төзбейді. Сіздің маған тіл тигізуге құқыңыз жоқ. Сізге бұл құқықты кім берді? Сізді анаңыз қалай тәрбиеледі екен? Сіз туралы мәлімет өте аз, ешкім сізді танымайды. Бірақ, есіміңіз жарқын, есте қаларлық. Сірә, сізге бұл атты Әуезовтің құрметіне қойған болар. Жалпы, Мұхтар Омарханұлынан кейін де бұл есімді иеленген абыройлы ер азаматтар көп болған. Бірақ сізге қарап, менің есіме мүлде басқа Мұхтар түседі", – деп жазды Бекбаева.
Кейбір желі қолданушылары Бекбаеваға сотқа жүгінуге кеңес берген. Бекбаеваның айтуынша, адвокаттары бұл іспен айналысып жатыр.
Түменбайдың өзі де істің сотқа дейін баруы мүмкін екенін айтқан. Ол кейінгі жазбаларында сотқа да, филологиялық сараптамаға да дайын екенін атап өтті.

1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
