"Жүргізуші куәлігі 250 мың теңгеге сатылып жатыр": Депутат жолдағы өлімді азайтатын бірқатар шаралар ұсынды
Фото: Parlam.kz
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке жол-көлік оқиғаларының көбеюіне және жол қауіпсіздігін күшейту қажеттігіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат ел өңірлеріндегі жол апаттарының күрт артқанына қоғам алаңдаулы екенін алға тартты. Ол бұл мәселені мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде шешу қажет екенін атап өтті.
“2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 32 мыңнан аса адам зардап шеккен, 1 446 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда жол апатынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған, оның мыңнан астамы – балалар”, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат жол апаттарының негізгі себептері ретінде жүргізуші жауапкершілігінің төмендігін, жол ережесін жаппай бұзу фактілерін, мас күйінде көлік жүргізу, жүргізуші куәлігін заңсыз алу, жол сапасының нашарлығын және біржолақты трассалардың қауіптілігін атады.
“Интернетте 250 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасап беремін деген жарнамалар өте көп. Соңғы жылдары осындай 222 факт тіркелген. Жаза қатаңдамай, бұл мәселе шешілмейді. Қазақстан жол сапасы бойынша тоқсаныншы орында тұр. Белгі қойылмаған, шұңқыр жамалмаған, сызық сызылмаған жолдар апатқа апарады”, – дейді депутат.
Сауалда бірқатар нақты ұсыныстар берілген. Атап айтқанда:
– жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу;
– жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілеріне қатысты жазаны қатаңдату;
– камера мен дрондарды тек айыппұл салу үшін емес, жол сапасын бақылау құралы ретінде пайдалану;
– сапасыз жол салған мердігерлерге жауапкершілікті күшейту;
– біржолақты, адам көп қаза табатын трассаларды шұғыл кеңейту;
– цифрлық навигация платформалары арқылы жүргізушілерді қауіпті учаскелер мен ауа райы туралы жедел хабардар ету;
– көлікке заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдарға қатаң тыйым салу.
Нартай Сәрсенғалиев жол қауіпсіздігі адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін атап өтіп, депутаттық сауалда көтерілген барлық ұсыныстар бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрады.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда жол апатынан адам қаза болған жағдайда сақтандыру төлемін екі есе арттыру ұсынылған еді.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты