Балқаштағы демалыс орнында уланғандардың жағдайы белгілі болды
16 шілдеде Қарағанды облысындағы демалыс орындарының бірінде 29 адам астан уланды. Қызуы көтеріліп, іші өткен 14 науқас бірден ауруханаға жатқызылды. Көпсалалы ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков науқастардың жағдайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: wikipedia.org
Балқаш көпсалалы ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбековтің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа.
"Инфекция бөліміне 14 адам жеткізілді. 9 бала, 5 ересек адам. Жағдайы орташа, интоксикация және ішек синдромына байланысты пациенттер сынама алынды. Ауруханаға жатудан бас тартқандары динамикалық бақылдауда тұр", – деді дәрігер.
Деректерге сенсек, өзін жайсыз сезінгендердің кейбірі дәрігерге қаралмай үйіне қайтып кетсе, өзгесі пансионатта жатыр. Ал кейбір демалушылар ұзақ жолға шықпас үшін Балқаш қаласынан пәтер жалдап алған. Жүрегі айнып, лоқсып жатқан ересектер мен балалардың дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп жатыр. Алайда демалушылардың нақты неден уланғаны әзірге белгісіз.
Жаппай астан улану дерегі тіркелген демалыс орны Балқаш көлінің жағасындағы ең қымбат қонақүйлердің қатарында тұр. Мұнда бір қонып шығу құны 45 мың мен 200 мың теңге аралығында екенін атап өткен жөн.
Қарағанды облысы санитария-эпидемияны бақылау департаментінің бас маманы Айгүл Шатекова келеңсіз жағдайдан кейін адам аяғы үзілмейтін демалыс орталығына барған облыстық СЭС мамандары қажетті сынамаларды алып, тексеріс бастағанын айтты.
"Балқаш санэпидембақылау басқармасының мамандары тарапынан эпидемияға қарсы шаралар басталды. Оның ішінде ошаққа шығу ұйымдастырылды. Науқастар арасында сауалнама жүргізілді. Қарағанды облысының санэпидембақылау департаменті қызметкерлері арасынан бригада құрылып, Балқаш қаласына іссапарға шығу жүзеге асырылды. Қазір зертханалық зерттеу жүргізіліп, тергеу шаралары басталды", - деді Айгүл Шатекова.
Еске салайық, бұған дейін Балқаш көлінің жағасындағы демалыс аймақтарының бірінде 29 адам уланып, 14 адам ауруханаға түскенін жаздық. Оқиға қымбат демалыс аймақтарының бірінде болған. Демалушылардан көптеген шағымдар түсті. Олардың барлығы жоғары температура мен диарея секілді ауру белгілеріне шағымданып, медициналық көмекке жүгінді.