"Не болып жатқанын түсінбей, тұтығып қалдым": Қазақстандық жігіт лифттегі пранктен кейін өз-өзіне келе алмай жүргенін айтып шағымданды

Фото: Сюжет кадрларынан
Лифтте қорқынышты пранк жасап видео түсіретіндердің құрбаны болған қазақстандық мұның денсаулығына қаншалықты кері әсер еткенін айтып шағымданды. Айтуынша, ол бұл пранктен кейін бірнеше уақыт өтсе де әлі күнге дейін лифтке кіруден қорқады. Ол орнында жүрегі әлсіз адам болса, жағдай мүлде нашар болатынын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық Еркебұлан Жексенбеков лифттегі моторлы арамен жасалған пранктан кейін әлі де өз-өзіне келе алмай жүргенін айтты. Ол сол күні қонақтан қайтып келе жатып, үйінің лифтіне мінген. Сол сәтте қолында арасы бар адам мен өзге жарақат алған адам көз алдында лифтке кіреді. Сосын арасы бар адам Еркебұланға шабуылдамақ болады.
Жігіттің айтуынша, ол оқиғадан кейін бірнеше күн бойы есін жия алмаған.
“Менің орнымда жүрегі әлсіз адам болса, не боларын елестету де қорқынышты. Бензопиламен кіріп келгенде, не болып жатқанын түсінбей, тіпті тұтығып қалдым. Ол қосылып тұрған кезде ішінен май шашырап, бүкіл шалбарым былғанып кетті. Қатты қорқып, екі күн бойы өз-өзіме келе алмадым. Содан бері лифтіге мінбей, тек баспалдақпен жүретін болдым", – деді Еркебұлан.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл пранкты ұйымдастырған адам бұған дейін де осындай әрекеттері үшін екі рет әкімшілік қамауға алынған.
Психологтар мұндай "әзілдердің" салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Психолог Алтыншаш Матаева мұндай жағдайлардан кейін көмек сұрап келген адамдардың болғанын айтты.
"Пранктан кейін адамның бойында қорқыныш ұстамалары, ұйқы мен тәбет жоғалуы сияқты белгілер пайда болды. Мұны реттеу үшін 5–6 кездесу қажет болды", – дейді ол.
Ал ІІМ өкілдері желіде осындай даулы пранктардың көбейіп бара жатқанын хабарлады. Бұл жағдайға парламент депутаттары да назар аударып, мұндай бейнелердің авторларын қатаңырақ жазалау қажеттігін жеткізді.