"Жүктеп алып, бос уақытымда ойнаймын": Премьер-министр қазақ ойынына қызығушылық танытты (видео)
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық ойынға қызығушылық танытып, бос уақытында жүктеп алып ойнауға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
21 қаңтарда үкімет мүшелері Қазақстанда IT-қызметтердің экспортын дамыту мәселесін талқылады. Онлайн ойын ұсынған стартаперлердің бірі сөз сөйлегеннен кейін премьер-министр оны қалай дамытуға болатынын сұрады.
"Бұл қандай ойын, айтыңызшы?", – деді премьер-министр.
Стартапер оны телефондағы мета-кеңістік деп атап, GTA ойынын еске түсіретінін жеткізді.
"Бұл – GTA-ны еске түсіретін телефондағы мета-кеңістік. Оны кез келген адам телефонмен ойнай алады, желіде араласатын ашық әлем деп қарастырсақ болады", – деді ол.
Стартапердің айтуынша, ойын AppStore және Play Market дүкендерінде қолжетімді. Осыдан кейін премьер-министр ойынды жүктеп алып, бос уақытында ойнайтынын жеткізді.
"Жүктеп алып, бос уақытымда ойнаймын. Ойнасаңыздар, қазақ ойындарын ойнаңыздар. Әріптестерімді осы ойынды ойнауға шақырамын. Мен әріптестеріміздің, әсіресе жастардың ойнайтынын білемін. Егер ойнайтын болсақ өзіміздікін сынап көрейік" – деді Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев үкімет жиынында eGov мобильді қосымшасындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін көрсеткен еді. Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов Мәдиевпен әзілдескен.