Жөргек қаттамаларының балаға пайдасы мен зияны қандай
Бір рет қана пайдалануға арналған жаялықтарды көбі «памперс» дейді. Алайда, «памперс» бір реттік жаялықтардың бірінің атауы. Ағылшын тілінен аударсақ «еркелету, әлпештеу» деген мағынаға ие бұл сөз халық жадында жақсы жатталды. Соған бола барлық түріне осындай атау беру, әрине, дұрыс емес.
Бір реттік жаялықтарды ХХ ғасырдың соңына таман Американың Небраска штаты, Милфорд қаласының тұрғыны Виктор Миллз есімді өнертапқыш ойлап тапқан. Ол химиялық технология саласы бойынша отыз бес жыл Procter@Gamble компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен атағы шыққан. Шебер зейнетке шығып, қартайған шағында жалғыз қызынан туған жиенін бағуға тура келген. Әрине, жұмыс нәрестенің тек тамағын берумен ғана шектелмейді. Сәбидің жаялықтарын қайта-қайта жуып, оны кептіру де керек. Қарт адамға қайта-қайта нәжіс тазалау да оңай емес. Сөйтіп жүргенде шалдың миына «жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын» деген ой түседі. Ақыры Виктор әлемде алғаш рет нәрестенің үлкен-кіші дәретін бойына сіңіріп алатын «жаялық» ойлап тауып, өзінің жиені арқылы сынақтан өткізеді. Алайда, оны сол кезде ешкім пайдалана қоймайтын. Бүгінгі күні кез келген сәбидің жанынан табылатын деңгейге жетті. Себебі, ол аналар үшін қолайлы болып отыр.
Аталған жаялықтың қарапайым жөргектен біршама артықшылығы барын да мойындауымыз қажет. Мәселен, нәресте терісі тым нәзік болғандықтан, кішкене ылғалдың өзі оны тітіркендіреді. Ал, памперс бала терісін тітіркенуден сақтап, қалыпты ұстауға жақсы көмектеседі. Алайда, кейбір аналар памперстің пайдасы мен зиянын ажырата білмейді. Сонымен…
Жалпы, памперстің ылғал сорғыш бөлігі целлюлозадан және желатин тәрізді полиакрилат шариктерден жасалады. Полиакрилат өз салмағынан елу есе ауыр ылғалды сіңіріп және ұстап тұра алады. Оның үстіне бүгінде «тыныс алатын», яғни ауа өткізетін памперстер шығарыла бастады. Олардың сыртқы қабаты ұсақ саңылаулардан тұрады, ал материалы мақта, матаға ұқсас. Осы арқылы бала терісіне ауа жетіп тұрады да, ылғал бу іште тұрып қалмайды. Алайда, дәрігерлер памперсті дұрыс пайдалана білу қажет екенін айтады.
«Жалпы, сәбилерді бір жас алты айлығында түбекке отырғызу керек. Бұған дейін памперсті пайдаланған жөн. Алайда, дәрігер ретінде біз памперсті далаға шыққанда немесе қонаққа, тағы басқа жерлерге барғанда ғана кигізуге кеңес береміз. Оның ішінде ер балаларға памперсті жиі кигізбеген жөн. Бұл сәбидің жетілуіне зиянын тигізуі мүмкін»
Көптеген аналарда сәбиге памперс кигізу өте зиян деген түсінік басым. Алайда, барлық мәселе оны дұрыс пайдалана білуде.
Біріншіден, памперс терінің құрғақтығын қарапайым жөргектен гөрі жақсы сақтайды. Соның арқасында жөргек дерматиті бүгінде сирек кездеседі. Памперс кигенде бала терісінің рН деңгейі де қалыпты болады. Екіншіден, баланың түбекке отыру мезгілі оның памперс киген-кимегеніне байланысты емес. Бұл – ата-анаға байланысты жағдай. Демек, балаға түбекке отыруды дер кезінде үйрете білу қажет. Үшіншіден, үнемдеу мақсатында памперсті тиісті уақыттан ұзақ кигізуге болмайды. Бұндай жағдайда оның барлық артықшылықтары жойылады. Төртіншіден, сәби үнемі памперс киіп жүруге тиісті емес. Оны ауыстырғанда демалуға мүмкіндік беріңіз.
Памперс қанша қымбат болса да, оны пайдаланғанда бірқатар ережелерді сақтау керек. Баланы бір памперсте 6 сағаттан артық ұстамаңыз. Оны 4 сағат сайын ауыстырып тұрған дұрыс. Баланың күні бойы бір памперспен жүруіне мүлде жол бермеген жөн. Сондай-ақ, баланы памперске үйретпеген абзал. Егер бала ояу болса, памперс кигізбей терісін демалдырыңыз. Жаңадан шыққан памперстерді де абайлап пайдаланыңыз. Оны ұзақ уақыт кигізбеңіз, өйткені аллергия тудыруы мүмкін.
Сондай-ақ, көптеген жөргектердің ішкі бетінде арнайы алоэ бальзамының сызықшалары болады. Жөргек бала терісіне тиген кезде оған бальзам сіңіп, жұқа ғана сенімді қорғаныс жасайды. Бұл терінің тітіркенуіне жол бермейді. Бальзам негізінен вазелин мен стеарил спирті және басқа да қосымша заттардан тұрады. Бұл – бала үшін мүлде зиянсыз. Бұны бала дәрігерлері жүргізген көптеген зерттеулер дәлелдеп берген. Олардың аллергия тудыру мүмкіншілігі өте төмен.
muslim.kz
Жіберіп алмаңыз:
Аяқ сүйегі өспеу үшін үй жағдайында қолданылатын әдістер
Қазақстандық ғалымдар қымыздың адам өмірін ұзартатынын дәлелдеді
Егер осы 9 белгінің бірін байқасаңыз, онда жедел түрде ағзаңызды тазартыңыз