"Жолшыбеков, Supermamasitа, Justking миллиардтаған қаражат тапқан": Депутат ұтыс ойындарына қатысты мәселе көтерді
Коллаж: Stan.kz
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік желілердегі алаяқтық жолмен ұтыс ойындарын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қазақ "Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс" дейді. Бірақ бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес”, – деп мәлімдеді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, құмар ойындар мен лотереялар туралы заңдағы жаңа нормаларға қарамастан, заң бұзушылықтар жалғасуда.
“2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 миллион теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лоторея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 миллион теңге айыппұл салынды”, – деп түсіндірді депутат.
Депутат олар қолданатын алаяқтық схемаларына тоқталды.
“Кейбір әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатыр. Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігуде”, – дейді Бейсенбаев.
-
Үй ойнатқан: Танымал блогер Нұрбек Нұртаза Instagram-да лотерея өткізгені үшін жазаланды
-
Істері қайта тергеуге жолданған ерлі-зайыпты блогер Жанәбіловтерді қандай жаза күтіп тұр
Елнұр Бейсенбаев тіпті ондай блогерлердің есімдерін атады.
“Оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков "darhanzholshybekov" аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған.
Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын "supermamasitа" аккаунты арқылы Байтуғаева Әлия бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған. Жалпы оқырмандары 13 миллионды құрайтын "Justking31" және "AminaXO" Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нурбек және Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған”, – деп мәлімдеді ол.
Осыған байланысты депутат бірқатар бастамаларды жариялады:
- Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін табыс шегін төмендетіп, шараларды қатаңдату қажет;
- Алаяқтардың қандай соманы иемденгені және азаматтарды қандай тәсілдермен алдағаны туралы деректерді бірыңғай желіде жинап, жариялау;
- Онлайн-мектептердің ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді әзірлеу, адамдарға олардың беделін және заңды тазалығын тексеруге мүмкіндік беру;
- Мемлекеттік кірістер комитетін құқықбұзушылықтардан табыс тапқан блогерлердің кірістері туралы деректерді мәдениет және спорт министрлігіне беруге міндеттеу.
"Бұл саладағы қаржылық алаяқтық әсіресе жастарға қатты әсер етеді. Біз алдауды кәсіп қылғандарды тоқтату үшін қатаң әрекет етуіміз керек", – деп қорытындылады мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, осыған дейін блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты іс қайта қаралып, әкімшілік істен қылмыстық іске ауыстырылған еді.

"Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке": Қоғам белсендісі Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы қонақ үй салынатынын айтып дабыл қақты
