Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес": Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысындағы жол апатынан кейін бақылауды күшейтпек

ақтау жол апаты

Фото: Видеодан скрин

Кейінгі күндері елімізде бірнеше ауыр жол апаты болды. 11 қыркүйекте Маңғыстауда шағын автобус аударылып, 10 адам қаза тапты. 14 қыркүйекте Жетісуда үш көлік соқтығысып, тағы 10 адам көз жұмды. Қарағандыда да қарсы жолаққа шығудан болған апатта бес адам қайтыс болды. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі халыққа үндеу жасап, жолдағы жауапкершілікті күшейтуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жай ғана жол апаттары емес. Бұл – орны толмас адам шығыны", – деді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандардың өмірін қайтара алмайды.

"Барша жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жолдаймыз: жол қатені кешірмейді! Жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау, қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателер", – деді Ғалым Сарғұлов.

Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтіп жатыр. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіледі. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.

"Алайда жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес. Бұл – әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі. Өз өміріңізді және басқалардың өмірін сақтаңыз. Жолдағы бір ғана қате шешім орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін", – деді ішкі істер министрлігі.


Маңғыстауда жол апатынан қаза болған жеті әйелдің кім екені анықталды


Еліміздің оңтүстігінде жол апатынан 10 адам қаза тапты (видео)


Еске салайық, бұған дейін 11 қыркүйекте Қарақия ауданындағы тас жолда Toyota Hiace шағын автобусы жолдан шығып кетіп, аударылып қалған еді. Оқиға орнында сегіз адам көз жұмды, тағы екеуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Жүргізуші мен тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген. Барлық жолаушы – Қазақстан азаматтары. Олар елдің әртүрлі өңірлерінен шығып, Бекет-Ата әулие мешітіне зиярат етуге бара жатқан.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 15:12
Талқылау