Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолаушылар жылап, жақындарына қоштасу хатын жазды": Air Astana ұшағы апатқа ұшырай жаздады

ұшақ апатқа ұшырай жаздады

Фото: Elevinna Threads парақшасынан алынды

Air Astana әуе компаниясының Алматы–Астана бағытындағы рейсі апатқа ұшырай жаздады. Оқиға 12 тамыз күні Балқаш маңында ұшып бара жатқан кезде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдай кезінде бортта болған жолаушы Threads желісінде мән-жайды жазды. 

"Әуе кемесінің герметизациясы бұзылды. Мен 7 айлық қызым және кенже сіңліммен бірге ұшып келе жаттым. Мұндай сәтте жалғыз жүрген әлдеқайда жеңілірек болар еді. Себебі қасыңда балаң болса, оны қалай қорғайтыныңды ойлайсың. Енді жағдайды баяндасам. Балқашқа жақындап қалған кезде бортсеріктер тамақ таратты. Мен қызымды тамақтандыра бастадым. Бір сәтте бәріміз ұшақтың сілкінгенін байқап, бір-бірімізге алаңдап қарадық. Осы сәтте ұшақ капитаны "төтенше жағдай" деп хабарлады", – деп жазды жолаушы. 

Жолаушының сөзінше, ұшақ бір сәтте төменге қарай құлдилай бастаған. Сол сәтте басқа да жолаушылар дұғаларын оқып, жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын қалдырған.


Air Astana аутизмге шалдыққан баланы апаттық шығу есігінің жанына отырғызбай қойған


"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс


 

"Адамдар іштей, сыбырлап дұға оқи бастады. Тыныс алу қиындап кетті. Борттағы балалар қатты жылады. Бір кезде қызымжы ұстап отыру  қиындай бастады, белдігін тағу мүмкін болмады. Өзім де қатты үрейленіп, көз жасымды тия алмай қалдым. Бортсеріктер үстелшелерді жинап, орындықтарды тіктеп, биік өкшелі аяқ киім мен әшекейлерін шешуді сұрады. Бортсеріктер "жерге қонамыз, қатты соққылар болуы мүмкін, тік отырыңыздар" деді. Дүрбелең басталып, жолаушылар жылап, жақындарына қоштасу хабарламаларын жазды. Экипаж қонғаннан кейінгі әрекеттерді, балалардың қалай қорғау керегін түсіндірді", – деп жазды жолаушы. 

Сондай-ақ ол төтенше жағдай кезінде бортсеріктердің аяққа тік тұрып, бәрін сабырға шақырып, қолдау білдіргенін жеткізді.  

Мұндай сәтте өмірің көз алдыңнан тізбектеліп өтпейді екен. Керісінше, салқынқанды болып, "қазір бұлай жасаймыз, сосын мынадай қадам жасаймыз" деп жоспар құрады екенсің. Бортсеріктер нағыз маман екенін көрсетті. Бәрін сабырға шақырып, біз төмендеп бара жатқанда да соңына дейін орындарында тік тұрды. Сәлден соң жағдай тұрақтанғаны хабарланып, ұшақтың Алматыға сәтті қонғаны айтылды. Әуежайда бір сағат күткен соң рейстің таңғы 4-ке ауыстырылғаны айтылды. Жолаушылардың жартысына жуығы билеттерін қайтарып берді, кейбірі басқа рейске ауыстырылды. Ал біз секілді балалармен жүргендерді қонақүйге орналастырды. Таңертең үйімізге аман-есен жеттік. Бәріміздің жағдайымыз жақсы", – деп жазды жолаушы. 

Аталған жағдайға Air Astana әуе компаниясы пікір білдірді. 

“Жолаушылар осындай қолайсыздыққа тап болғаны үшін шын жүректен өкініп, кешірім сұраймыз. Жолаушылардың қауіпсіздігі  әуе компанияның басты міндеті. Экипаж ұшақтың сәтті қонуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Лоукостерден Air Astana рейсіне ауыстырылған жолаушыларға фильм көруге рұқсат бермей қойғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 17:09
Талқылау
`