
Фото: Видеодан скрин
Астана-Арқалық бағытындағы 655ТД пойызының жолаушысы пойыздың ластығына, сынған есіктерге, ашылмайтын терезелер мен дәретханадан шыққан жағымсыз иіске шағымданып, әлеуметтік желіде видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео авторының айтуынша, таңертең вагонның іші салқындап, жолаушылар терезелерді жаба алмаған. Ал жолсерік ешқандай шара қолданбаған.
“Вагон лас, есіктер жабылмайды, дәретхана бір жыл жуылмағандай, терезенің әйнектері қап-қара, ыстыққа шыдау мүмкін емес, кондиционер жоқ. Билет қымбаттады, бірақ жағдай жасалмаған. Сұмдық! Ең лас вагон, 13 вагонға билет алмаңыздар", – деп жазды желі қолданушысы.
Сондай-ақ ол жолсеріктің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді.
“Жолсерік мүлдем жұмыс істемейді. Не үшін жүр? Қолына сүлгі алып тым болмаса, 2 сағат сайын дәретхананы хлормен жуып отырмай ма?” – деді ол.
Жолушының сынына жауап ретінде, "Жолаушылар тасымалы" АҚ бұл пойыздың жеке меншік "KazRail" ЖШС компаниясына тиесілі екенін және "ҚТЖ" құрылымына қатысы жоқ екенін хабарлады.
"Қазақстанда жолаушылар тасымалы нарығында 14 жеке компания жұмыс істейді. Олардың қызметін көлік министрлігі реттейді", – деп түсіндірген ҚТЖ өкілдері шағымды тікелей министрлікке жолдау керегін айтты.
Кейінірек "KazRail" ЖШС бұл жағдайға байланысты пікір білдіріп, жолаушыдан кешірім сұрады. Компанияның мәлімдеуінше, 13-вагон демалыс күндеріндегі сұраныстың артуына байланысты қосымша тіркелген.
"Аталған вагон резервте тұрады және тек ерекше жағдайларда ғана пайдаланылады. Ол кондиционермен жабдықталмаған, себебі мұндай мүмкіндік вагонның конструкциясында қарастырылмаған. Дегенмен пойыздың негізгі вагондары жаңғыртудан өткен және қазіргі талаптарға сай келеді", – деп мәлімдеді компания.
"KazRail" компаниясы санитарлық аймақтардағы тазалық пен жағымсыз иіске қатысты қызметтік тексеріс жүргізіледі деп сендірді. Жолаушыларға қызмет көрсететін қызметкерлерге – жолсеріктер мен пойыз бастығына қатаң тәртіптік шара қолданылмақ. Сондай-ақ санитарлық бақылау резервтік вагондарға да күшейтілмек.
Әлеуметтік желілерде бұл тақырыпты талқылауға өзге де қазақстандықтар қосылып, пойыздардың жай-күйіне шағымданды.
"Астана – Жезқазған, 108-пойыз – тура сондай жағдай”, ”Жезқазған. Жиі жүремін. 80% жағдайда сондай вагондар. Жолсеріктер де бұрынғыдай емес...”, “Мемлекет бәрін жекеге сатып жіберді, бақылау жоқ. Олар үшін бастысы – пайда, ал жаңа вагон алуға ешкім ниетті емес”, “117–118 Павлодар – Қызылорда. Жағдайы да сол күйі”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.
Көптеген жолаушылар пойыздардағы қызмет сапасын қатаң бақылауға алу үшін мемлекетке қайта басқаруға беру қажет деп есептейді және жеке тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді сұрайды.