"Жол ортасында қимылсыз тұрады": Жеткіншектер арасында тағы бір қауіпті ойын пайда болды
Фото: Ru.freepik.com
Тараздық жеткіншектер жол ортасында қозғалыссыз тұрып, өмірін қатерге тігіп, жол қозғалысына кедергі келтіретін қауіпті ойынға қызықты. Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзып жүрген балаларға іздеу салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жолғы қауіпті ойынның ережесі – жол үстінде жүріп келе жатқан жеткіншектер кенет кілт тоқтап, біраз уақыт қимылсыз қалады. Ойынның мәнін түсінбеген желі қолданушылары сырттай балалар біреумен серттесіп, виртуалды түрде берілген команданы орындап жатыр деп топшылады. Болмаса, біреумен бәстескен шығар деп ойлаған.
Түркиядан оралған психолог осылай жат әрекетке бару арқылы өрендер өздерін өзге бір ортаға дәлелдегісі келуі мүмкін дейді. Ал көптің көзіне түсу үшін көшеге шығып, басын қатерге тіккендердің бұл әрекеті желіде вирусты идеяға ұласуы мүмкін деп санайды мамандар. Оның үстіне маман жол ортасында тұрып қалу челленджі балалар үшін ойын ретінде емес, батылдықтың көрінісі ретінде қабылдануы ықтимал деген пікірде.
“Бұған бару себептерінің бірі – балалардың өзіне назар аударғысы келетіні. "Мен ерекшемін! Мен өзімді, маңызды екенімді осылай көрсетемін!" деген мақсатпен баруы мүмкін. Яғни, бұл жастардың импульсивтілігі, басқа адамдардың артында қалып кетемін бе деген қорқыныш болуы ықтимал”, – дейді психолог Назерке Әзімова.
Тәртіп сақшылары осындай жағдайға ұқсас оқиға Әл-Фараби мен Сейфуллин көшесінің қиылысында болғанын байқаған. Бейнебақылау камерасынан балалардың келбеті анық көрінбейді. Полиция қызметкерлері балаларды бастауыш сынып оқушылары деп топшылады.
“Жол көлік оқиғаларына кедергі келтіруіне байланысты балалар қазір іздестіріліп жатыр. Табылған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127- бабы бойынша заңды өкілдеріне немесе ата-аналарына айыппұл салынады”, – деді қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Арайлым Ізбасар.
Желіде тараған видеоның қашан түсірілгені әзірге белгісіз.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
