Жол дауы: Атырау облысындағы ауыл тұрғындары ереуілге шықты
Атырау облысына қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындары наразылыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: azh.kz
Ауыл тұрғындарын ұзындығы 6,2 шақырым болатын ауылға кіреберіс жолдың жағдайы алаңдатады. Аудан әкімдігі жыл сайын жөндеу жүргізуге уәде бергенімен, жолды жаңарту мерзімі әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр.
Талдыкөл ауылында 1230 адам тұрады. Жұмыс орындарының тапшылығына байланысты тұрғындардың басым бөлігі күн сайын Атырау қаласына барып жұмыс істейді екен. Әсіресе, жаңбырлы маусымда және көктемгі қар еріген кезде жолдың нашар жағдайы тұрғындардығ қалаға барып-қайтуын қиындатады.
“Он жылдан бері тек жиналыс өткізіп, уәде беріп, кейін ұмытып кетеді. Неге уәделерін орындамайды? Егер өз міндеттерін атқара алмаса, неге орындарын босатпайды? Халық зардап шегуде, ал шенеуніктерге бәрібір”, — дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Талдыкөл өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен ауылдардың бірі. Су ауылды қоршап, кіреберіс жолды толықтай бұзып кеткен. Сол кезде адамдар эвакуацияланып, ауылмен байланыс тек қайық арқылы жүзеге асырылыпты. Алайда су қайтқанынан ұзақ уақыт өтсе де, жол әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген.
2023 жылы кіреберіс жолды жөндеуге бюджеттен 1 млрд 984 млн теңге бөлінген. Сол жылдың тамыз айында аудан әкімдігі мердігер "АВС Лимитед" ЖШС келісімшарт жасап, құрылыс жұмыстары басталған. Келісімге сәйкес, жолдың күрделі жөндеуі 2024 жылы аяқталуы тиіс еді, алайда қазіргі таңда тек 500 метрі ғана салынған, ал мердігерге жұмыс үшін қаражат толық төленген. Аудан әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамада қателіктер кеткенін мойындап, кейін орын алған су тасқыны бұрын атқарылған жұмыстарды бұзып кеткенін алға тартып отыр.
“2024 жылы су тасқыны салдарынан жолдың негізгі қабаты қатты зақымдалып, осыған байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Осы жағдайға байланысты жобаны қайта қарау туралы шешім қабылданды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, облыстық бюджет комиссиясының қарауына жіберілді. Шешімін күтіп отырмыз”, — дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов.
Талдыкөл тұрғындары жөндеу жұмыстарының барысын облыс әкімі Серік Шапкенов өз бақылауына алады деп үміттенетіндерін жеткізді.