Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жол апатынан кейін қаза тапты деп танылған әйел "тіріліп кетті"

Фото: Jam Press

Бразилияда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен әйел қаза тапты деп танылғаннан кейін есін жиып, тірі екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Need To Know-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Фернанда Кристина Поликарпоны Сан-Паулудағы SP-294 жылдам жүретін тасжолынан өтіп бара жатқан кезде көлік қағып кеткен. Оқиға орнына алғаш жеткен парамедик әйелдің қайтыс болғанын тіркеп, оны мәйітханаға жіберуді тапсырған. Жолдың үстінде денесі терможамылғымен жабылған.

Алайда мәйітті эвакуациялау үшін шақырылған екінші парамедик Поликарпоның тірі екенін байқайды. Ол көп жарақат алғанына қарамастан әйелдің тыныс алып жатқанын көріп, жедел түрде реанимациялық шараларды бастаған.

Қызының қаза тапқаны туралы хабар алған Фернанданың анасы оның тірі екені айтылғанда қатты шошып қалған. Ол көмектің кеш көрсетілуі басынан жарақат алған қыздың жағдайын ауырлатты деп есептейді. Жүргізуші қандағы алкогольге тест тапсырған және Поликарпоның күтпеген жерден жолға шығып кеткенін мәлімдеген.

Қазір зардап шеккен әйел Бауру қаласындағы ауруханада жатыр. Жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер келер күндері өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратуды жоспарлап отыр. Қателік жіберген парамедик ішкі тексеру аяқталғанға дейін жұмыстан уақытша шеттетілді.

Айта кетейік, бұған дейін 103 жастағы әйел өзінің жерлеу рәсімінде “тіріліп кеткені” хабарланған еді. 

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 12:07