Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғары жалақыға қол жеткізудің 6 ережесі

Білікті әрі тәжірибесі мол қызметкер жылдар бойы бір қызметте тұралап, азғантай жалақыны қанағат тұтады. Ал білімі таяз, тәжірибесі аз әріптесінің қызметінде тасы өрге домалап, құрмет-беделі артып, қомақты жалақыға да иеленеді. Оның себебін іздеп көрмедіңіз бе?

тенге0301

Бұл сауал әлемнің әр еліндегі ғалымдар көкейінде де туындап, көлемді зерттеу жұмысын жүргізуге итермелеген-ді. Нәтижесінде жақсы қызмет пен жақсы жалақыға қол жеткізуге себін тигізетін 6 факторды анықтады. Бұл жөнінде “Экспресс-К” тілшісі сөз қозғады.

Көпшілігіміз мансабымыз өрлеп, жоғары жалақыға иеленудің кепілі үздік білім, дұрыс таңдалған мамандық, еңбек өтілі мен атақ-абыройға ие туыс-тумаларымыз деп білеміз. Әрине, мұның барлығының маңызы жоқ емес. Десе де мансабыңыз мен жалақыңызға ықпал ететін басқа да факторлар бар болып шықты.

Дауласа және өз пікіріңді дәлелдей білу

Бірақатар адамның пікірінше, басшыларға жоғарыдан түскен кез-келген бұйрықты орындауға даяр қызметкерлер ұнайтын көрінеді. Дәл осындай қызметкер барлық марапатқа лайық-мыс. Алайда Израиль ғалымдары жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесіне сәйкес, әдетте, басшылар қызметшіл әрі дау-дамайдан әрі жүруге тырысатын қызметкерлерді маңызды жұмыспен айналысуға қауқарсыз деп санайды. Керісінше, өз пікірін, көзқарасын дәлелдеп, дауласудан қорықпайтын, айтқанынан таймайтын, өз шешімі үшін жауап бере алатын қызметкерлер басшылардың көңіліне жағатын көрінеді. Белсенді, кей жағдайларда өрескелдік танытатын дәл осындай қызметкерлер мансап баспалдағында жоғары көтеріліп, ертелі-кеш басшы қызметіне тағайындалады.

Түйін. Қызметкерлерге өз көзқарасын дәлелдей білу қажет. Ал басшылар қызметкердің бойындағы бұл қасиетті жаншуға тырыспауы тиіс.

Сымбаты келісті жандарға жоғары жалақы тиесілі

Қызметкердің салмағының да жалағысына ықпалы бар көрінеді. Бұл жерде қызметкер қаншалықты толық болса, жалақысы да соншалық қомақты боларын аңғартпайды. Америкалық психологтардың пікірінше, артық салмақ адамды жасқаншақтыққа алып келеді. Нәтижесінде ол өз мүмкіндіктерін көрсете алмайды және жұмыста да белсенділігі төмендейді. Салдарынан басшылардың көзіне жиі түспесі анық.

Түйін. Жалақыңыз жоғары болсын десеңіз, сымбатыңызды сақтай біліңіз.

Киіміңізге қарап қарсы алып қана қоймайды

Бұл ретте АҚШ болашақ президенті Дональд Трамптың сөзінен үзінді келтіру орынды болмақ: «Қолыңызда бар жұмыстан гөрі, өзіңіз қалаған жұмыс үшін ғана киінуге тұрарлық». Шындығында да солай. Егер қызметкер жақсы киініп, күтіне білсе, одан хош иіс аңқып, шаш күтіміне мән берсе, жалақысы ұқыпсыз әріптестерінікіне қарағанда 20%-ға жоғары болады. Алайда, ең бастысы, шектен шықпау керек. Керісінше жағдайда басшылардың санасында мұндай қызметкердің киім мен опа-далаптан өзгені білері жоқ деген ой туындауы мүмкін.

Түйін. Ер адам – ұқыпты, таза киінген. Әйел адам да таза әрі ұқыпты киініп, бояуы бірден көзге түспейтіндей болуы тиіс. Сонда мансабыңыз да, жалақыңыз да жоғарылайды.

Адамның бойы да ықпалға ие

Және тағы да сырт келбет жайлы. Америкалық психологтардың пікірінше, бойымыздың табысымызға әсері жоқ емес. Бойы ұзын адамдар өзіне сенімдірек келеді, күйзеліспен анағұрлым жақсы күресе алады және келбетті көрінеді. Егер әріптесіңіздің бойы сізден 10 см ұзын болса, 10%-ға артық жалақы алуы мүмкін. Дарвин айтқандай, «артық ештеңе жоқ, тек табиғи сұрыптау».  Десе де көңіл-күйіңізді түсірмеңіз. Бүгінде әйелдерге де, ерлерге де ұсынылатын өкшесі биік аяқ киім түрі көп. Тек өзіңізге ыңғайлысын әрі жарасымдысын таңдай білсеңіз болғаны.

Түйін. Қысқа бойлы адамдарға биік өкшелі аяқ киім керек. Немесе жұмыс кезінде белсенділігіңізді арттырып, бойдан гөрі, бойыңыздағы күш-қуатыңыз артық екенін байқатыңыз.

Ұйқы қуаты

Сүйікті телехикаяның тағы бір сериясы. Тағы 10 минут ғаламторда отыру. ХХІ ғасыр адамдары 100 жыл бұрын өмір сүрген бабаларымызға қарағанда 2 сағатқа аз ұйықтайтын болды. Әрине, бүгінде бізді қоршаған түрлі қызықты дүниелер көп. Алайда үнемі ұйқымыздың қанбауы жұмысымызға кері әсерін тигізеді. Ғалымдар ұйқыға жатар алдында көңіліңізді бөлетін дүниелерден бас тартып, уақытылы ұйықтауға кеңес береді. Сонда жұмыстағы күш-қуатыңыздың басшыңыздың назарынан тыс қалуы мүмкін болмас.

ТүйінДұрыс тынығу – қызметіңіздегі табыс кепілі.

Өзіне сене білу

Неміс ғалымдарының пікірінше, көптеген адам жұмысқа орналасар кезде ұдайы бір қателікті қайталайды. Өз кезегінде ол жақсы қызметке орналасуына кедергі болады. Не дейсіз бе? Адам өзіне ұнамды бос орын табады және барлық талапқа сәйкес келеді. Бірақ белгілі бір бағдарламаны білмеу немесе кәсіби біліктілігінің аздығы сынды кей талаптарға жауап бере алмағандықтан, бойын қорқыныш билеп, бұл қызметтен бас тартады. Салдарынан жақсы мүмкіндіктен айырылады. Ғалымдардың сөзінше, өзіңізге сенімсіздік танытудың қажеті жоқ. Егер сізді жұмысқа қабылдап жатса, ғаламтордың көмегімен қажетті білім алып, білмегеніңізді үйрене аласыз.

Түйін. Талаптарға толықтай жауап бере алмағандығыңыздан қорықпаңыз. Өмір деген – ұдайы даму.

Виктор Сапожников

Талқылау