"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты

27 жастағы қазақстандық Италияның Верона қаласындағы халықаралық мектепке математикадан сабақ беріп жүр. Маңғыстаулық Нұржігіт Екібаевтың айтуынша, бұл елде педагогтарға ерекше жағдай жасалған. Жоғары жалақы, тегін баспана мен тамақтан бөлек, соңғы үлгідегі MacBook-тан бастап барлық құралдар, тегін курстар қарастырылған. Ал ата-аналар мұғалімнің жеке номеріне шыға алмайды. Оқушы тәртіп бұзса, өздері жауап береді. Қазақстанда да ұстаздық еткен азамат шетелдегі жұмыс жағдайы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Нұржігіт біраз уақыт Қазақстанда халықаралық мектептерде сабақ берген.
“Өзбекстаннан ата жұртқа 2012 жылы көшіп келдік. Маңғыстау өңірінің Мұнайлы ауданында мектепті үздік аяқтадым. Кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, қызыл дипломмен бітірдім. Университетті кейіннен Ақтау қаласындағы “EtonHouse Kazakhstan International School”-да бір жылдай ұстаздық қызмет атқардым. Кейіннен Астана қаласында ауысып, Binom мектебінде бір жылдай қызмет атқардым. Осы уақытта елордадағы мектептерден алатын барлық тәжірибені алдым. Сосын Италия қаласына университетке магистратураға тапсырып, Верона қаласына дәл осы математика пәнінің мұғалімі мамандығына түстім”, – деді ол.
Қазақстандық азаматтың айтуынша, университет бітіргесін Милан қаласындағы Bloom International School-ға жұмысқа тұрған.
“Ең таңғалдырғаны мені жұмысқа қабылдағаны. Әрине менің кейсім де жаман болмады. Себебі қазақ, орыс, түрік, ағылшын, италян тілдерін жетік білемін. Мұның барлығы менің тәжірибелеріммен бірге жұмысқа орналасуыма көмектеседі. Мен Италияның мемлекеттік мектебінің жүйесі туралы көп айта алмаймын. Алайда халықаралық мектептер мен жеке мектептеріндегі жағдай өте керемет”, – деді ол.
“Жалақы жоғары, соңғы үлгідегі құрылғылар беріледі: Үй мен тамақ тегін”
Нұржігіт қазір Верона қаласындағы халықаралық мектепке ауысып, сонда қызмет етіп жүр.
“Біріншіден халықаралық мектеп болған соң жалақы жақсы төленеді. Қазақстандағы кейбір элиталы мектептерде шетелден келген мұғалімдерге жергілікті ұстаздарға қарағанда жоғары жалақы төленеді. Мысалы, мен қайта Қазақстанға барып, сондай мектепке жұмысқа тұрсам, дәл менімен бір деңгейдегі, бірақ шетелдік паспорты бар мұғалімнен аз айлық алар едім. Яғни шетелдік болғаны үшін оларға көбірек төлейді. Ал шетелде, мен жұмыс істеп жүрген жерде, жалақы паспортқа емес, білімің мен тәжірибеңе қарай белгіленеді. Сондықтан бұл жүйе әділірек деп ойлаймын. Қазір бұрынғы Қазақстандағы табысыммен салыстырғанда мұнда үш-төрт есе көп аламын. Нақты соманы келісімшарт талаптарына байланысты айта алмаймын”, – деді ол.
Фото: Нұржігіт Екібаевтың жеке архивінен
Азаматтың айтуынша, мұнда жалақыдан бөлек мұғалімнің күнделікті жағдайы мен қажеттіліктері де толық қамтылған.
“Тағы бір ұнайтыны жұмыс күні ұзақ емес. Бізде сабақтар тек 16:15-ке дейін ғана болуы мүмкін. Бірақ аптасына бүкіл мұғалімге бірдей оқу жүктемесі – 24 сағат қана беріледі. Бейсенбі жұма толық жұмыс күнім болса, қалған күндері 8:00-ден 12:00-ге дейін ғана жұмыс істеймін. Мұнда маған тұрғын үй мен күнделікті тамағымды қамтамасыз етіп отырады. Алыстан келген ұстаздарға үй-жай қарастырылған. Тағы бір қуанатыным, мектеп бүкіл адамның дініне, мәдениетіне құрметпен қарайды. Мәселен, ораза ұстап жүргенімді біледі және ауызашар мен сәресіне тамақ дайындап отырады. Былай күндері де біз үшін халал тағамдар дайындалады. Себебі мұнда әртүрлі мұсылман елдерінен оқушылар мен ұстаздар бар”, – деді ол.
Нұржігіт мұнда тіпті соңғы үлгідегі MacBook-тан бастап барлық оқуға керек құралдар тегін берілетінін алға тартты.
“Сабаққа қажет барлық нәрсе тегін. Қағаз, қалам, танымал интернет ресуртардың да ақылы версиясы қолжетімді. Әр мұғалімге жылына бір рет ақылы курстан өткізуге мүмкіндік береді. Мысалы мен құны 1000€ дай (шамамен 580 мың теңге) тұратын ІВ бағдарламасының 2-категориясының курсын алуға өтінім бердім. Оны мектеп қабылдады”, – деп қосты ол.
“Мұғалімдер ата-аналарға жеке номерін бермейді: Ата-аналар чаты жоқ”
Нұржігітті мұнда әсіресе ата-аналардың мұғалімге деген құрметі мен байланыс жасау тәсілі таңдандырыпты. Айтуынша, Италияда ата-аналар чаты жоқ, ешкім түнде мұғалімге жазып мазаламайды.
“Олардың мұғалімдерге деген қарым-қатынасы өте ерекше. Біз олар үшін кәсіби маманбыз және олар сабақ үдерісіне араласпайды. Ата-аналар тек балаларының денсаулығына байланысты, егер баласының қандай да бір диагнозы болса, соны ескертуі мүмкін. Басқалай сабақ жүйесіне кіріспейді. Мұнда біздегідей ата-аналармен WhatsApp топтар жоқ. Ал ұстаздар өздерінің жеке номерлеріне беруге құқылы емес. Ата-аналар ұстазбен сөйлескісі келсе, аптасына бір-бір сағаттан арнайы екі күн белгіленген. Сол күндерге олар кездесуге жазылып, мұғаліммен сол күні ғана сөйлесе алады. Ал жай сұрақтары болса, почта арқылы жазады. Мұнда ата-аналар ұстаздардың уақытын қатты сыйлайды. Яғни кешкі 21:00-де ешкім хабарласып хат жазып мазаламайды”, – деп баяндады азамат.
Фото: Нұржігіт Екібаевтың жеке архивінен
Қазақстандық жігіт италиялық мектепте оқушының тәртібі мен мәселесін алдымен ата-анасы кейін мектеп әкімшілігі шешетінін алға тартты.
“Бізде Қазақстанда мұғалімге артылатын жүктеме өте көп. Мен жұмыс істеп жүрген халықаралық мектепте бұзықтық жасаған баланың кез келгенімен мектеп әкімшілігі сөйлеседі. Бізде Қазақстанда мұғалімді мәселемен жалғыз қалып жатады ғой. Ал мұнда барлық түйінді шешу мектеп әкімшілігіне жүктеледі. Әрине мұнда да ұстаздар түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бірақ тікелей ол мәселенің шешемін табуға тиісті емес.
Ата-аналар баласының тәрбиесіне қатты араласады және мүдделлі. Байқағаным олар әркез балаларын емес, мұғалімді жақтайды. Мысалы менде мынадай жағдай болды. Оқушым маған орынсыз әзіл айтты. Кейін мен оның ата-анасына жаздым. Бұдан кейін оқушы да, ата-ана да кешірім сұрады. Сондықтан бұл жақта тәрбиеге ата-ана көбірек жауапты. Мектепте де тәртіп қатал. Оқушыларға телефон ұстауға рұқсат жоқ. Таңертең құрылғыларын жинап аламыз. Егер бала телефонды тастамаса және кейіннен ұсталып қалса, ата-анасымен сөлесеміз. Тіпті біраз уақытқа оқудан шеттетілуі де мүмкін”, – деді маңғыстаулық.
Нұржігіт Екібаев кез келген қазақ жастары шетелге шығып, білімі мен тәжірибесін арттыра алатынын жеткізді.
“Меніңше, әр жас ең алдымен сапалы білім алуға ұмтылуы керек. Сонда шетелде де, өзге елдерде де мықты қызметтерге орналасуға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде дарынды қазақ жастары халықаралық деңгейде табысқа жетіп жүр. Шет тілін меңгеріп, өз саласында үздіксіз дамыған адам үшін жол әрдайым ашық.
Ал өзіме келсек, 35–36 жасқа қарай елге оралу жоспарда бар. Бірақ оған дейін мұнда жинайтын тәжірибем де, үйренерім де көп. Сондықтан әзірге Қазақстанға қайту ойымда жоқ”, – деп қорытты ол.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты