Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғары сынып оқушыларына арналған гранттар: "Мирас" мектептері Қазақстанның дарынды жастарына қолдау көрсетуде

Конкурстық іріктеуден сәтті өтіп, "NNEF" және "Халық" қорларынан оқуға грант алған он жеті студентке бүгін Астана және Алматы қалаларындағы "Мирас" халықаралық мектептерінде салтанатты түрде құрмет көрсетілді. Жаңа оқу жылының грант иегерлерінің қатарында Семей, Қарағанды, Астана және Алматыны қоса алғанда, Қазақстанның түрлі қалаларынан келген студенттер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мирас" мектебіндегі гранттар жүйесі осыдан төрт жыл бұрын "NNEF" Қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қорының бастамасымен енгізілген болатын. "Халық" қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов қор осы уақыт ішінде гранттар бағдарламасына 300 миллион теңгеден астам инвестиция салғанын атап өтті. 

"Қазақстанның дарынды жастарын қолдау – "Халық" қайырымдылық қорының негізгі басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты, 2021 жылдан бастап төртінші жыл қатарынан біздің қордың атынан дарынды балаларға Қазақстан бойынша үздік болып табылатын "Мирас" орта білім беру мектептерінде оқуға жыл сайын 100% гранттар бөлініп келеді. Биыл байқауға 9-11 сыныптардың 500-ден астам оқушысы қатысты. Оның ішінде он жеті адам "Мирас" халықаралық мектептеріне білім гранттарын алды. Дипломдық бағдарламаның түлектері жыл сайын қорытынды емтихандарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Көпшілігі шетелдік үздік жоғары оқу орындарына гранттар алды", – деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.

Мәселен, "Халық" қорының 100% грантын иеленген алты түлектің үшеуі 41 балдан алса, ал біреуі ең жоғары 45 балдан 40 балл жинады. Бүкіл әлем бойынша дипломдық бағдарлама түлектерінің тек 8%-ы ғана осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. "NNEF" және "Халық" қорларының грант алған барлық түлектер өздері таңдаған университетте оқуға грант алды. 

Белсенділер, еріктілер және көшбасшылар

Алматының "Мирас" халықаралық мектебі директорының орынбасары Елена Владимированың айтуынша, гранттар тек олимпиадаға қатысушыларға ғана емес, сонымен қатар қабылдау емтихандарында жоғары нәтиже көрсеткен және қоғамдық бастамаларға белсенді түрде және бар ынтасымен атсалысатын студенттерге де беріледі.

"Бізге "Мирас" мектебіндегі олимпиадаға қатысушылар ғана грант ала ала ма?" деген сұрақ қойылғанда, біз "Олай емес" деп жауап береміз. Өйткені қабылдау емтихандарының нәтижелері шешуші фактор болып табылады. Баланың белсенді өмірлік ұстанымы болуы маңызды. Біздің көптеген грант алушыларымыз, соның ішінде біз бүгін құттықтап тұрған түлектер – өз бастамаларын қаланың өміріне пайдалы, сондай-ақ елдің мүддесі үшін де пайдалы жобаларға бағыттап жүрген еріктілер. Олар математикалық жарыстар ұйымдастырады, қарт адамдарға қолдау көрсететін қайырымдылық жұмыстармен айналысады, сондай-ақ жасы кішірек балалардың қосымша білім алуына көмектесуге де уақыт табады", – деді Елена Владимирова.

Бірегей білім беру ортасы

"Мирас" мектептері оқушылар мен олардың ата-аналарын грант алу мүмкіндіктермен ғана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары білім деңгейімен де қызықтырып отыр. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту ұсынылады. Университеттерге түсуге дайындықтың ең жақсы бағдарламаларының бірі болып табылатын IB дипломдық бағдарламасы да жоғары сұранысқа ие болып отыр.

"Әсіресе Халықаралық бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасына қызығушылық басым. Бұл – оқушыларды жоғары оқу орындарына түсуге дайындау үшін ең жақсы академиялық бағдарлама болып табылады. Сонымен қатар, "Мирас" мектебі теңдестірілген, терең білім береді, ал мұның қазіргі замандағы маңызы өте жоғары. Білім берудегі қазіргі үрдістер жаһандану немесе цифрландыру ғана емес, сонымен қатар терең білім алу аса маңызды екенін білеміз. Біз мектебімізде дәл осы мақсатқа қол жеткізуге тырысып жатырмыз", – деді Елена Владимирова.

100% грант иегерлерінің бірі – мектеп оқушысы Тамерлан Клычев. Бұл бала "Мираста" балабақшадан бері оқиды. Тамерлан халықаралық университетте білімін жалғастыруды жоспарлап отыр және қазірдің өзінде жаңа жобалармен жұмыс істеуде.

"Мектепте жоспарларым өте үлкен. Биыл мен президенттікке үміткер боламын, жаңа жобаларды бастаймын. Қазір 10-сыныпты бітіріп, жақын арада дипломдық бағдарламаға түсемін, сол жерден мансабымды бастаймын. Мен "Мирасты" таңдадым, себебі бұл – Қазақстандағы тарихы терең IB-мектептердің бірі. Осының өзі беделді жоғары оқу орнына түсуге үлкен мүмкіндік береді", – деп, өз ойын бөлісті Тамерлан Клычев.

100% гранттың екінші иегері – №56 гимназияның оқушысы Аянат Бохан "Мирас" мектебі Қазақстан мен әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге дайындалу үшін бірегей мүмкіндіктер беретінін атап өтті. 

"Еліміздің үздік жоғары оқу орындарына түскім келетіндіктен, маған жақсы дайындық қажет. Мұндай дайындықты маған тек "Мирас" мектебі ғана қамтамасыз ете алады. IB дипломдық бағдарламасы жоғары мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деп, ой бөлісті Аянат Бохан. 

Әлмансұр Әлібек РФММ-ден Астанадағы "Мирас" халықаралық мектебінің 11-сыныбына түсті. Ол 100% грант жеңіп алып, қазір Халықаралық бакалавриат бағдарламасында оқып жатыр. 

"Шынымды айтсам, грантты ұтып алу – біріншіден, үлкен сәттілік, екіншіден, бұл – менің өмір бойы алған білімім. Математиканы оқу маған әрқашан оңай болды, бірақ мен оны бәрібір тереңдете оқып, әрқашан қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Сондықтан менің айтар басты кеңесім – әрқашан қолыңыздан келгеннің бәрін жасаңыз, сонда ғана сіз жоғары нәтижеге жетесіз", – деп, өз пікірін айтты ол.

2024-2025 оқу жылында екі "Мирас" мектебінде гранттық бағдарлама бойынша 33 студент білім алуда. Оның ішінде 16 оқушы грант бойынша оқуының екінші және үшінші жылын жалғастырып жатыр. Биылғы оқу жылында 14 жоғары сынып оқушысы "Халық" қайырымдылық қорынан 100% грант алатын болады. Гранттар Дипломдық бағдарламаны қоса алғанда, "Мирас" халықаралық мектептерінің 10-11 сыныптарында оқу үшін ғана беріледі. 

Гранттар – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция

Төрт жыл ішінде байқауға Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Павлодар, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарынан 9-11 сыныптардың 1000-нан астам оқушысы қатысты. 2021-2025 жылдар аралығында "NNEF" Қоғамдық қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры Алматы мен Астанадағы "Мирас" халықаралық мектептерінде оқуға 70 грант бөлді. Оның 20-сы – "Халық" қорының 100% гранты.

Айта кету керек, "Мирас" мектебіндегі гранттар бағдарламасы – бұл дарынды жастарды қолдау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның болашақ көшбасшыларының дамуына қосылған зор үлес. Білім берудің жаһандануы мен тереңдетілуі жағдайында мұндай бастамалар ел мен қоғамның дамуына үлес қосуға дайын дарынды балаларды қолдаудың маңызды құралына айналмақ.

Талқылау