"Жоғары білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды": Министр жұмыс істеуден бас тартқандар үшін жазаны күшейтуді ұсынды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс істегісі келмейтін азаматтар жайлы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Мәжілісмен Анас Баққожаев үкімет сағатында министрге сауал жолдап, ауылды жерлерде жұмыссыздық деңгейінің артқаны жайлы айтты. Оның сөзінше, ауылда бос жұмыс орындары көп. Бірақ азаматтар өздерін жұмыссыз деп көрсетіп, мемлекеттен көмек алып отыр.
Жақыпова Әлеуметтік сақтандыру қорынан азамат жұмыссыз қалса, 6 ай төлем берілетінін айтады.
"Сіз мемлекет бөлетін субсидия немесе басқа да төлемдер жайлы айтып отырсыз. Мұндай жұмысты азаматтар істегісі келмейді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка ауылында дәнекерлеуші керек, жалақысы 600 мың теңге. Бұл жұмысқа адамдар бармайды. Бұл, бірінші кезекте, отбасыдан басталады. Еңбек пен жұмыс істеуге деген талпынысты отбасы үйретуі керек. Қытайда балалар екі ауысымда оқиды, мектепте оқиды. Бала күнінен еңбек етуге үйренеді. Ал қазір біз 300 мың теңге жалақы ұсынамыз, бірақ жоғары білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге сұрайтын жағдайдың куәгері болып отырмыз. Барлық құндылық жоғалған", – дейді еңбек министрі.
Оның сөзінше, жұмыс істеуден бас тарту мәселесін заң аясында реттеу керек. Ол бұл саладағы заңды қатаңдату керек дейді.
Еске салайық, бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов жоғары сынып оқушыларына мектеппен қатар колледжде білім алуға рұқсат беруді ұсынған еді.