Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоба құны кейінгі төрт жылда үш есе өскен: Оралда көпір салу үшін 35 миллиард теңгеге конкурс жарияланбақ

Орал әкімдігі көпір салуға 35 миллиард теңге бөлінбекИллюстрациялық сурет. Фото: Freepik.com

Орал әкімдігі Шаған өзені арқылы өтетін көпір құрылысына 35 миллиард теңгелік конкурс жариялауға дайындалып жатыр. Жобаның құны кейінгі төрт жылда үш есе өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Уральская неделяға” сілтеме жасап хабарлайды.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің айтуынша, қаржының қайдан бөлінетіні әзірге белгісіз. Биыл облыстық бюджетте бұл көпір құрылысына қаражат қарастырылмаған. Сондай-ақ жоба орта мерзімді бюджет жоспарына да енгізілмеген. Жобаның тапсырыс берушісі – “Орал қаласының құрылыс бөлімі” мемлекеттік мекемесі.

Оның сөзінше, бұл баға – шекті құн, ал конкурс барысында сома төмендеуі мүмкін. Конкурс ерекше форматта, яғни “кілтпен тапсыру” тәсілімен өтеді: жоба әзірлеу де, құрылыс та, барлық жұмыс түрі бір мердігер ұйымға беріледі. Әкімдік құрылыс компаниялары конкурсқа консорциум түрінде қатысады деп күтеді.

Инженерлік-геологиялық және гидрологиялық зерттеулерді де конкурс жеңімпазы жобалық-сметалық құжаттама дайындау аясында жүргізеді.

Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің бастапқы болжамды құны 2020 жылы 11 миллиард теңге болып белгіленген. Ол кезде жобалық-сметалық құжаттаманы қала әкімдігінің тапсырысымен “Алматыдорпроект” ЖШС әзірлеген.

Бұрын жасалған жобаға түзету енгізілмеген. Әкімдік бұл жаңа көпірдің басқа бағытпен, яғни Сдықов көшесінің орнына Молдағұлова көшесі арқылы салынуы жоспарланғанына байланысты деп түсіндірді. Бағыттың өзгеруіне байланысты жаңа жоба, соның ішінде жаңа жобалық-сметалық құжаттама қажет. Алайда мұндай жағдайда көпір құрылысының құны неліктен үш есе қымбаттағаны нақты түсіндірілмеді.

Биыл облыстық бюджетте бұл көпір құрылысына қаражат қарастырылмаған. Сондай-ақ жоба орта мерзімді бюджет жоспарына да енгізілмеген.

Әзірге жалғыз ықтимал қаржы көзі ретінде KPO b.v. әлеуметтік аударымдары аталады. Әкімдік бұл болжамды жоққа шығармады. Жобаны іске асырудың жалпы мерзімі – келісімшарт жасалған сәттен бастап 36 айға дейін. Соның ішінде 10 ай жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кетеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, көпір төрт жолақты болады, есептік жылдамдық – сағатына 80 шақырым. Көпір мен кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 4,3 шақырым, ал қызыл сызықтар арасындағы ені – 60 метр.

Жоба аясында жаяу жүргіншілер тротуарлары мен қауіпсіздік жолақтары қарастырылады. Көпірге кірудің нақты сызбасы мен оған қосылатын көшелер тізімі жобалау барысында анықталады. Алдын ала жоба бойынша көпір Молдағұлова көшесімен өтіп, кейін “Ақжайық” ықшамағының қолданыстағы көше-жол желісіне қосылады.

Жобаның көлік және әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне қатысты есептер жобалау аяқталғаннан кейін мердігер ұйым жүргізетін жұмыстар аясында жасалады. Алдын ала дерекке сәйкес, құрылыс аймағына бір бизнес нысаны мен бір жеке жер телімі кіреді.

Оралдың бас жоспарында әлі 1980-жылдардың өзінде Сарайшық көшесі арқылы Деркөл бағытындағы көпір қарастырылғаны белгілі. Ал бас жоспарға енгізілетін түзетулер жобасында қаланың орталық бөлігінде екі көпір салу көзделген.

Неліктен бастапқыда бас жоспарда болған нұсқа емес, Молдағұлова көшесі арқылы кіретін көпірден бастау ұйғарылғаны туралы сұраққа Азамат Халелов бұл көпірдің екінші кезеңде қалатынын айтты.

Оның сөзінше, егер көпір “Жазира” жағына шықса, тұрғындар бәрібір Зачаганск арқылы өтіп, жаңа ықшамауданға жетуге мәжбүр болады. Ал Молдағұлова көшесі арқылы өтетін көпір “Ақжайық” ықшамағына тікелей шығады, сондықтан ол әлдеқайда тиімдірек.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 14:14