"Жоба құны 2 миллиард доллар": Қытайлық инвесторлар Қазақстанға жел мен күн электр станцияларын салады

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл келісім 2024 жылғы 12 қарашада халықаралық COP-29 климат форумының аясында қол қойылған. Келісім аясында Қазақстанда жаңартылатын энергия саласында үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың жалпы қуаты 1,8 гигаватт болады. Атап айтқанда:
- жалпы қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясы;
- қуаты 300 мегаватт болатын бір күн электр станциясы салынады.
Министрдің сөзінше, бұл жобалар – Қазақстанда мемлекетаралық ынтымақтастық аясында іске асырылатын ең ірі "жасыл энергетика" жобаларының бірі.
Жобалар Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында жүзеге асырылады. Бұл өңірлер жел мен күн энергиясына қолайлы, әрі жаңа электр станцияларын елдің біртұтас электр жүйесіне қосуға мүмкіндік бар.
-
Қытайлық компания Ақтөбе облысында 150 миллион долларлық ферроқорытпа зауытын салмақ
-
2026 жылы ҚТЖ пойыздары мен AirAstana ұшақтарында спутниктік интернет қызметі пайда болады
Жобалар тек электр станцияларын салумен шектелмейді. Сонымен қатар:
- электр желілеріне қосу нысандары,
- электр энергиясын сақтайтын жүйелер (аккумуляторлар) де салынады.
Барлық жобаларға салынатын жалпы инвестиция көлемі – 2,2 миллиард АҚШ доллары. Қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары мен банктер қатысады. Бұл жобалар елге елеулі әлеуметтік-экономикалық пайда әкеліп, шамамен 2 000 уақытша және 204 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар басқа салалардың дамуына серпін береді.
Энергетика және экология тұрғысынан алғанда, жаңа станциялар жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағат "жасыл" электр энергиясын өндіреді және көмірқышқыл газының шығарылуын жылына 4,5 миллион оннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның климаттық мақсаттарына жетуіне үлес қосады.
Жобаға "Самұрық-Энерго" АҚ серіктес-инвестор ретінде қатысады. Қазіргі уақытта жобалар әртүрлі кезеңде тұр. Кейбірі жобалау-зерттеу сатысында болса, енді біреулері негізгі инвестициялық және келісімшарттық құжаттарды дайындау кезеңінде.