Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жыныс мүшеме қол жүгіртті": Америкалық турист Шымкентте такси жүргізушісі сексуалдық қысым жасағанын мәлімдеді

Фото: Дина Таңсәрінің желідегі парақшасынан

Америкалық журналист әрі турист Хоуп Лаудон Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сапары кезінде шекарадағы визалық қиындықтар мен қауіпсіздікке қатысты мәселелерге тап болды. Ол шекара қызметкерлерінің бейжайлығын, теміржол жүйесінің жауапсыздығына көңілі толмаған. Әйелдің сөзінше, Шымкенттегі такси жүргізушісінің оның шетелдік әрі ауырып тұрғанын байқап, жымысқы ойын жүзеге асырғысы келген. Мұнымен қоймай әйелдің жыныс мүшесіне қол жүгіртіп үлгерген. Ол бұл оқиға әйелдердің қауіпсіздігі мен халықаралық жолаушылар құқығын қорғау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Америкалық журналист Қазақстан мен Өзбекстандағы бірқатар жүйелі проблемалардың бар екенін және әйелдердің еркін жүріп-тұруы, туристер мен сапар кезінде осал күйге түскен адамдардың қауіпсіздігіне бағытталған саясатты өзгерту қажет дейді.

"23 шілде күні мен Алматыдан Ташкентке жедел пойызбен кетіп бара жатқан едім. Мақсатым Орталық Еуропа университетінде мемлекеттік саясат магистратурасы бойынша бірге оқыған бұрынғы курстасымды көру еді. АҚШ азаматы ретінде мен e-visa өзбек сайтынан электронды виза алуға құқылымын. Алайда сайт жұмыс істемеді. Визаға өтініш беруге кемінде 50 рет әрекет жасадым, бірақ CAPTCHA үнемі өтпей қалды. Кері байланыс жүйесі де ұмыс істемеді. Электрондық хаттар жеткізілмеді, ал сайтта көрсетілген телефон нөмірі жарамсыз болып шықты", – деді турист Хоуп Лаудон.

Туристтің сөзінше, оған Қазақстан шекарашылары шығу мөрін басқан соң, Өзбекстандағы Келес шекаралық бекетінде пойыздан түсіріп тастаған. Әйелді өзбек шекарашылары туристі ғимарат ішінде орындықта күдікті адам сияқты бақылауда ұстап отырған, алайда түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген.

"Дәретханаға баруға рұқсат сұрағанда, бірінші ауысымдағы шекарашылар қатыгез түрде күліп, бас тартты. Бір қамқор күзетші маған қауын берді, ал келесі мені дәретханаға апарды. Кейінірек басқа бір күзетші маған жанымда жатқан қауын қабығы мен тамақ қаптамалары үшін ұрысты, алайда қоқыс жәшігі ол жерде жоқ еді. Олар маған виза рәсімдеп бере алмады және өтінішімді қабылдай алмады. Тек Wi-Fi-ға қосылуға мүмкіндік берді, сол арқылы қайта-қайта жұмыс істемейтін сайтпен өзім күресуге мәжбүр болдым", – деп түсіндірді америкалық әйел.

Шекарашылар туристі Ташкенттен кері қайтатын пойызға отырғызған, кейін әйел пойыз қызметкерлерінің бақылауында болыпты.

"Мені ағылшынша сөйлейтін, Джиана есімді мейірімді жолсерік отырған купеге алып келді. Ол пойыз ережелері бойынша мені тек Сарыағашқа дейін жеткізе алатынын түсіндірді және Шымкентке пойызбен не вокзалда билет сатып алу мүмкін емес екенін айтты. Ол маған интернетке қосылуға және онлайн билет сатып алуға көмектесуге тырысты. Бірақ теміржол сайты мен басқа сайттарда билеттер сатылмады. Бұған дейін билеттердің үнемі сатылып кетуімен байланысты жемқорлық схемалары болуы мүмкін дегенді естіген едім, бірақ бұл туралы нақты дәлелім жоқ", – деді турист.

Осы жерде әйел Өзбекстан шекарасынан өтемін деп ойлап, Beeline Қазақстан тарифін толтырмаған және өзімен бірге қолма-қол ақша да алмаған. Турист әйелдің сөзінше, ол бұған дейін Алматы маңындағы тауда аяғымды жарақаттап алған. Сол себепті сәл ақсаңдап, жылдамырақ қозғалуға қауқарсыз болғанын атап өтті. 

"Мені пойыздан түсіргенде, банкоматқа жете алмадым және Yandex арқылы такси шақыра алмадым. Сол жердегі сатушы әйелдің ұлы, жасөспірім бала менің "Америкадан келген қонақ" екенімді біліп, бізбен бірге түскен суретін Instagram-ға жүктеді. Менің картам арқылы төлем жасап, маған 3000 теңге қолма-қол берді. Ол InDrive арқылы көлік шақырып берді. Алайда, жасөспірім мені көмектесу керек шетелдік ретінде көрсе, такси жүргізушісі менің осалдығымды пайдаланып қалғысы келді. Сапар бастала салысымен мен қауіп сезіне бастадым, бірақ түсіп кетуге тым кеш болды, себебі барар жерім жоқ еді, басқа көлік те болмады", – деді турист Хоуп Лаудон.

Хоуп Лаудонның айтуынща, жүргізуші шақырымына 140 сағат жылдамдықпен жүрген. Үнемі телефонына қарап, жол бойы көлікті әрлі-берлі жүргізді дейді турист. 

"Алдымен ол мені алдауға тырысты, "мекенжай алыс" деп тағы 5 мың теңге талап етті, бұл шындыққа жанаспайтын сылтау еді. Менде қолма-қол ақша жоқ болғандықтан, бас тарттым. Жол бойы ол біреулерге қайта-қайта қоңырау шалып, "америкалықпен отырғанын" мақтанып, әлдебір жаман әрекетті жоспарлағандай көрінді. Шымкентке келгенде, жүргізуші мені жеткізіп салатынын айтты, бірақ алдымен “тағы бір жерге соғу керек” деді. Менің ойымша, ол мені қала сыртына алып кетіп, сексуалдық зорлық жасауға тырысқысы келді. Қасарысып, оны қала ішінде мені түсіруге көндірдім. Ол бұған аса құлық танытпады, бірақ біз бір хостелдің жанынан өтіп бара жатқанда мен “менің хостелім осы” деп айттым", – деді Хоуп Лаудон.

Әйелдің сөзінше, егер ол бұл сылтауды ойлап таппағанда, жүргізуші жібермес деп еді деп қынжылды. Әлдеқайда қорқынышты жағдай күтіп тұрған болар еді дейді Хоуп Лаудон.

"Жүргізушіге ақы төлеп жатқан кезде, ол менің рюкзагымды өзіме алуға мүмкіндік бермеді. Оның орнына, сәтті пайдаланып, менің жыныс мүшеме қол жүгіртті. Дереу бұрылып, оны жейдесінен шап беріп ұстап, айғайлап жібердім, бұл оны тоқтатты. Менің жолым болды, осы жерден бәрі аяқталды. Сөйтіп көліктен түсіп, кете алдым. Әбден шаршадым және әлі күнге дейін бойымдағы күйзелістен және аяғымдағы жарақатты емдеп жүрмін", – деді Хоуп Лаудон.

Оның пікірінше, халықаралық шекарада қиын жағдайға тап болған жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты теміржол тарапынан ешқандай жауапкершілік болмауыөте қауіпті әрі жауапсыз әрекет. Бұл оқиға ерекше жағдай емес, өйткені техникалық ақаулар мен күтпеген форс-мажорлар кез келген уақытта болуы мүмкін дейді әйел.

Қазақстан мен жалпы Азия елдері халықаралық теміржол жүйесін заманауи логистиканың жетістігі, экономикалық прогресс нышаны ретінде көрсетеді. Алайда, өкінішке қарай, бұл жүйе елдер арасында сапар шегіп жүрген әйелдер үшін қауіпсіз емес.

"Қазақстан мен Өзбекстанда көптеген жақсы адамдар бар екеніне сенемін. Бірақ бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық сирек кездесетін нәрсе дегенді білдірмейді. Туристер үшін байланыс, банкоматтар мен жергілікті халықтың қамқорлығы өте маңызды. Өкініштісі, жасөспірім мені Америкадан келген қонақ ретінде қуанышпен қарсы алып, көмектесуге тырысса, жүргізуші менің әлсіздігімді пайдаланып, мені қорлауға, мүмкін, зорлағысы келді. Теміржолға қатысты шағымдар қабылдайтын WhatsApp нөмірі маған шеңбер бойынша жауап берді. Жүйе мені қайтадан сайтқа бағыттап отырды, ал сайт WhatsApp-қа қайта сілтейтін", – деп түсіндірді америкалық турист.

Турист мұндай платформалар шын мәнінде шағымдарды қарамай, тек бақылау бар деген елес қалыптастыруы мүмкін екенін атап өтті. Себебі ол бұған дейін де АҚШ-та мемлекеттік саясат саласында жұмыс істеп жүріп, осындай "фиктивті" жүйелерді өз көзімен көргенін айтып берді. Әйел мемлекеттік органдардан жауап болмаған соң, ол бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғаушыларға жүгінуге мәжбүр болған.

"Әйелдерге қатысты сексуалдық зорлық пен қысым мәселесіне қоғам назарын аудару керек. Шекарада қалып қойған жолаушылар үшін қауіпсіз кері қайту кепілдігін қамтамасыз ету қажет (билет сатып алу мүмкіндігі, тегін тасымал, не ең болмаса мобильді байланысқа қол жеткізу). Шағымдарды ашық және тиімді қарастыратын механизмдерді орнатып, Өзбекстанның e-visa жүйесін жетілдіру және ол істемей қалған жағдайда балама шешімдер қарастыру керек", – деді Хоуп Лаудон.


"Мұсылмансың ба, индуиссің бе?": Үндістандық туристер қазақстандықтарды дінге бөліп, тіл тигізді деп айыптады


"Ақшамен шешуге болады" деді": Турист қазақстандық полицейдің негізсіз 1,5 миллион теңге сұрағанын айтып, шағымданды


 

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы жазда Германиялық саяхатшы Валерия Түркістан облысына саяхаттап келген. Арыстан баб кесенесі маңына шатыр тігіп түнеген кезде, өзін жергілікті тұрғын ретінде таныстырған ер адамның азғындық әрекетіне тап болған. Алғашында ер адам әйелімен бірге келіп, Валериямен Google аудармашы арқылы сөйлескен, суреттерін қарап, WhatsApp нөмірін алған. Кейін түн ортасында әйелінсіз қайта оралып, шатырға кірмек болып, қызға қол жүгіртпек болған. Валерия оны қуып шыққан. Ол бұл оқиғаны YouTube арнасында баяндап, бұл жағдайдан сабақ алғанын, алайда саяхаттаудан бас тартпайтынын айтты. Қазақстандықтар бұл оқиға үшін кешірім сұрап, қызға қолдау білдірді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 17:03
Талқылау
`