"Қаладан 16 шақырым жерде тұрамыз": Алматы облысында халық қақаған аязда жылусыз отыр
Алматы облысына қарасты Талдыбұлақ ауылының халқы қақаған аязда жылусыз қалдық деп шағымданды. Талғар ауданының тұрғындары үйдегі газдың қысымы төмендеп, сөніп қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Өңірдегі Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылының тұрғындары жазда ауыз суға, қыс келсе жылуға зәру екенін айтады. Олардың айтуынша, ауылға 2018 жылы газ келген. Алайда көгілдір отын тартылғанымен, әлі күнге дейін қосылмаған. Тұрғын Қанай Алдабергенов үйлерінде әр бөлмеде жылытқыш қондырғылар қосулы тұрғанын айтты.
"Газ келді, пешті алып тастаңдар деп айтты. Соған бәріміз еріп, алып тастадық. Жел соқса жарық, суық болса газ жоқ болады. Көрген күніміз осы. Қаладан 16 шақырым жерде ғана тұрамыз", – деді Қанай Алдабергенов.
Тағы бір тұрғын Айжан Әбітәлінің айтуынша, мұндай мәселенің қайталанып келе жатқанына 8 жыл болған.
"Халық жылда шуылдаймыз, мүлдем нәтиже жоқ. Білмеймін енді қайда барып күн көреміз. Бастықтарына кіріп айтсақ, бізді менсінбей, жауап та бермейді", – деді Айжан Әбітәлі.
Тұрғындардың айтуынша, олар жылуға айына ең кемі 24 мың теңге төлейді. Талдыбұлақ ауылының жылу жүйесін қадағалаушы Жетісу газ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Нұрлан Құлымжанов қатты аязда газ қысымы төмендейді. Бұл қалыпты жағдай дейді ол. Сондықтан қарашаға алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қазір барлық мәселе шешілгенін жеткізді.
"Кеше біз жылудың қысымын барынша жоғарылаттық. Енді төмендемейді. Төмендемеу үшін де жұмыстар істеп жатырмыз. Қазір барлық үйге жылуды тараттық, енді бұндай мәселе болмайды", – деді Нұрлан Құлымжанов.
Еске салайық, бұған дейін Оралда тұрғындар газ бен жылусыз отырғанын жаздық. Оларға екі аптадан кейін қосылады дегенмен әлі жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен оралдықтар Орақбаев 1Б мекенжайында орналасқан үйге 17 қыркүйекте көшіп келді. Олар пәтерлері адам төзгісіз суық екенін атап өтті. Балалар үйде бас киім мен күртеше киіп жүреді екен. Сол үшін үйде жылытқыш қосып отыруға мәжбүр.