Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқталу керек: "Самұрық-Қазына" төрағасы Тоқаевқа есеп берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрлан Жақыпов Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының биыл атқарған жұмысының нәтижелері туралы баяндады.

Айтуынша, қазір қор тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар.

“Соның ішінде осы жылы CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт-тық күн электр стансасы және Кендірлі елді мекенінде су тұшытатын зауыт салу жобалары жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жетісу облысындағы 84 елді мекенге көгілдір отын жеткізетін Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбырының, Ақтаудағы контейнер хабы мен Алматыдағы Zhetysu логистикалық терминалының, сондай-ақ Sany Re компаниясымен бірлесе жел генераторларына арналған қондырғылар шығаратын зауыт іске қосылды”, – дейді “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

Нұрлан Жақыповтың сөзінше, биыл он айда “Самұрық-Энерго” АҚ сағатына 31 миллиард кВт электр энергиясын өндірген. Бұл Қазақстандағы жалпы өндірістің 31%-на тең. Сондай-ақ “Самұрық-Энерго” АҚ құрамына кіретін электр стансаларының қуаты 7845 МВт-қа жеткен.

“2023-2025 жылдар аралығында әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылық шараларына 1,5 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржы медициналық нысандарға, сондай-ақ 55 оңалту орталығының, 31 инклюзия кабинетінің, 18 спорт кешенінің, мәдени және білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалды. “Таза Қазақстан” бастамасы аясында 5,8 миллион түп тал егілді”, – деп есеп берді  қор төрағасы.

Нұрлан Жақыпов “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының отандық бизнесті өркендетуге қатысты бастамалары туралы атап өтті.

Президент оған қор жұмысының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру және ұлттық активтердің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 15:29