“Жігіттер” квартетіндегі Айдарға әйелі тоқал алуға рұқсат берген
“Жігіттер” квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек болашақта тоқал алуды жоспарлап жүр. Әншінің екінші рет отбасын құруына әйелі қарсы емес. Жұбайы әлдеқашан Айдарға рұқсатын берген көрінеді.
Бұл туралы Айдар “Ұнамаса қарама” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.
Айдар Тұрғанбек алғашқыда батыстың қызымен отбасын құрып, көп ұзамай ажырасып кеткен. Бұдан кейін әнші болашақ жарын арнайылап Оңтүстік Қазақстаннан іздегенін айтады. Оның себебін әнші былай деп түсіндірді.
«Өйткені ол жақта қазақи, иманды тәрбие сақталған. Еркекке бағыну, еркектің алдынан аттамау деген нәрсе бар. Менің әйелім мысалы Жетісайдан. Сіз деп тұрады, өте қатты сыйлайды, қожайыным дейді. Үйленгенімізге 7 жыл болды, есімімді бірде-бір рет атаған емес. Бір ұрысып көрмегенбіз, Аллаға шүкір», – дейді Айдар.
Әнші болашақта тоқал алуы мүмкін екенін де жасырмай айтты.
“Тоқал алу ойда бар. Үйдегі кісінің ойы өте терең адам. Баяғыда рұқсатын берген. Бірақ өзім қазір емес, әлі өз-өзіме келейін деген әңгімелер айтамын”, – дейді ол.
Айдар қоғамда еркекпен тең болғысы келетін әйелдердің көбейіп бара жатқанына күйінді.
«Әйелдердің отбасында, қоғамда өздерін еркектермен бірдей сезінем деуі бекер нәрсе. Әйел еркегін сыйлап көтерсе, ол өзін көтергені. Жаман әйел еркегін құл қылып, өзі күң болады, ал жақсы әйел еркегін патша қылып, өзі патшаның әйелі болады дейді. Қазір еркектер төмендеп кеткен заман. Арақ ішетіні, темекі шегетіні, басқа қыздарға қызығатыны – оның бәрі отбасында әйелдің алдында абыройсыздыққа алып келеді. Жігіттерге айтқым келеді: отбасын, қоғамды тәрбиелейтін нағыз еркек болайық. Сөзі ісіне сай келетін еркек болайық. Өзімізді, отбасымызды, одан кейін қоғамды туралайтын еркек болайық», – деп түсіндірді Айдар.
Жіберіп алмаңыз:
Мәдина Сәдуақасова аяғы ауыр деп болжағандарға жауап берді
Ата-анасының көзінше сүйіктісіне ұсыныс жасаған Төлепов қалыңдығын халыққа көрсетпейтін болды
Мейрамбек Бесбаев: Елімізден мықты футболшылар шықса деп армандаймын (фото, видео)
Қайрат Құдайберген: Менің парақшамды министрлер де, үлкен бизнесмендер де оқиды