Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жігіттер, болды қойыңдар...": Шавкат Рахмоновтың келуі Алматы әуежайында шуға ұласты

Бүгін Алматы әуежайында халықтың қарасы көп. Жиналған жұрттың үлкені де, кішісі де тәуелсіздік күні UFC төрінде атой салған қазақ баласы Шавкат Рахмоновты қарсы алуға келген. Алайда бұл кездесудің соңы шуға ұласқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Алғашқыда әнді әуелеткен өнерпаздар, құшақ-құшақ гүл, батырдың образындағы қыз-жігіттер және БАҚ өкілдері Шавкат Рахмоновты күтіп тұрған еді. Санаулы секундардан соң спортшы жігіт әуежайдың VIP клиенттерге арналған есігінен шыққан. Отанына оралған Шавкатпен сол сәтте сұхбаттасу мүмкін емес. Қарасы көп халық спортшыны тарпа бас салып, бірі қолтаңба алып, екіншісі суретке түсіп, әбден тырығыққа тіреді. 

"Жекпе-жек ойдағыдай өтті, бәрі жақсы. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазір мына жерде шу, ештеңе естілмей тұр",  деп Шавкат Рахмонов журналистерге қысқа жауап берді. 

Жан-жағынан қаумалаған халықты көрген Шавкат сасқанынан сыртқа қарай асықты. Өйткені оны далада көлік күтіп тұр. Фанаттардың полицияға да дес берер түрі жоқ. Айта кетейік, таяуда Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирінде Рахмонов америкалық Стивен Томпсонды уақытынан бұрын жеңген еді. Сонымен, 18 жекпе-жек, 18 жеңіс және 18 финиш! Яғни барлығын жекпе-жектің межелі мерзіміне жеткізбей аяқтаған. Дәл сол сәттен бастап Шавкаттың жанкүйерлерінің саны бұрынғыдан да көбейгені рас. Мәселен, дәл сол АҚШ-тағы қазақ баласының жекпе-жегін өз көзімен көруге барған фанаттардың бірі – Димаш Төлегенов есімді жігіт. 

"Шет елдегі атмосфера өте күшті болды. Өйткені UFC – әлемдегі ең үлкен әрі ең мықты промоушн. Біздің батырымыз Шавкат Рахмонов осы деңгейге лайықты деп есептеймін. Шетелдіктер де Шавкатты өте жақсы көреді. Оларға Шавкат адам ретінде, спортшы ретінде өте қызықты. Ол жақтағы фанаттар Шавкат туралы, Қазақстан туралы көптеген ақпарат алады", – дейді Рахмоновтың Димаш есімді жанкүйері. 

Ал Шавкаттың бұл жолғы қарсыласы Стивен Томпсон өзінің спорттағы мансабында бұрын-соңды қылқындыру әдісімен ешқашан жеңілмегенін әлемдік БАҚ жарыса жазған еді. Біз Рахмоновтың секундантымен сұхбаттастық. Яғни Бауыржан Уталиев есімді жігіт 17 желтоқсан күні Америкада өткен жекпе-жекте Шавкаттың октагонда көмекшісі әрі кеңесшісі болған. 

"Стивен Томпсонның қылқындыру әдісімен ешқашан жеңілмегені туралы барлығы шулады. Бірақ біздің Шавкатқа бәрібір. Қарсыластардың бұрынғы тарихы, жағдайы маңызды емес. Бірақ енді сәл толқыныс болады ғой. Біз жекпе-жекке 1-2 күн қалғанда Томпсонмен қонақүйде бірнеше рет бетпе-бет кездестік. Салмақ өлшеу рәсімінде, тіркеу кезінде де көрдік. Томпсонның қасында тұтас команда жүр. Ал біз, яғни Шавкаттың командасы 3-4 адам болып жүрдік. Әрине, Стивен Томпсон Шавкаттың оңа шағылатын жаңғақ емес екендігін о баста түсінді. Тіпті, келіп жанымызға жақындап, амандасып, күліп жүрді", – дейді Бауыржан Уталиев.

Шавкат командасымен Америкаға осыдан екі ай бұрын аттанған. АҚШ-тағы жаттығу жұмыстары алғашқыда ойдағыдай өтіп жатқан еді. Күніне екі мәрте шынығатын. Алайда ойда-жоқта аяғынан жарақат алып, балдаққа бағынышты боп қалған көрінеді. 

"Америкадағы екінші аптада Шавкат аяқ астынан жарақат алды. Екі күн бойы аяғына мұз бастық, магниттік томографияға, яғни МРТ-ға түсірдік. Жарақатына байланысты аяққа атты күш салмаса да, Шавкат жаттығуды барынша жалғастыра берді. Өзіне сенімді болды, ешқандай күмән болған жоқ. Бірақ жаттықтырушылар жекпе-жекке алдын-ала арнайы құрған жоспарларына сәл-пәл өзгеріс енгізді. Ал жарақат алған сәтте 3-4 күн Шавкаттың емін-еркін жүріп-тұруын күттік. Ол арбада отырып, балдақпен жүруге мәжбүр болған еді", – дейді Рахмоновтың командаласы.  

Спортсүйер қауым байқағандай, Шавкат бұл жекпе-жекте қарсыласына қатты соққы жұмсап, аяқпен теуіп құлатуға асыққан жоқ. Алайда жарақат алған Рахмоновқа бапкерлері дәл осылай тапсырма берген екен. 

"Өзіңді кімге дәлелдеу керек болса, барлығына дәлелдедің" деп барлығы айтты, өзінің бапкерлері де солай деді. Жұдырықтасу кезінде де, күрес болса да бәріне дайын екенін көрсетті. Осының алдындағы Джеф Нилмен өткен жекпе-жектегідей ашық төбелестің қажеті жоқ екенін де айтты. Бір жағынан аяғында жарақат болды ғой. Әлі күнге дейін аяғы ісіп тұр. Сондықтан осы жекпе-жекте көп теппе, аяққа соққы тигізбе деп Шавкатқа тапсырма берілді", – дейді Шавкаттың секунданты.

Рахмонов дәл осы жекпе-жектен кейін UFC рейтінгінде жартылай орта салмақтағы үздік үшікке кірді. Яғни, көш басында чемпион әрі белбеу иесі – Леон Эдвардс, бірінші орында осы салмақтың экс-чемпионы Камару Усман, ал екінші сатыда Белал Мухаммад есімді файтер қазақ батырынан жоғары тұр. Дәл қазіргі мәліметке сүйенсек, Шавкат келесі жылдың жазында қайтадан октагонға қайта оралады. Оның келесі қарсыласы да әлі нақтыланбаған. Дегенмен де жанкүйерлер түрлі жорамал жасауда. Ал Рахмоновтың командасының болжамы бойынша, қазақстандық файтер енді титулдық жекпе-жекке шығу мүмкін. Соған қарағанда UFC белдеуін алудың ауылы алыс емес сияқты. 
Алматы әуежайындағы атышулы оқиғаның толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.


 

Талқылау