Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты

Фотода Нұрай Серікбай

Шымкентте 21 жастағы қыздың 29 жастағы жігіт қолынан қаза тапқаны туралы қайғылы оқиға қазақстандықтарды шошытты. Әзірге бойжеткеннің жақындары қандай да бір пікір білдірмеді. Дегенмен кейбір деректерде жігіт қыздың үйленуге келісімін ала алмағаны айтылған. Stan.kz оқиға орнына барып, куәгерлермен сөйлесіп көрді. 

Қаза болған – 21 жастағы студент Нұрай Серікбай. Ол ата-анасымен бірге жақын маңдағы үйлердің бірінде тұрған, үш баланың кенжесі болған. Бүгін күндіз қыздың денесі туыстарына тапсырылып, олар мәйітті Түркістан облысындағы Төрткөл ауылына алып кетті.

"Біздің қызымызды айуандықпен өлтірді. Бұл – өте ауыр қайғы. Айтуларынша, күдікті қанішер әлі күнге дейін ұсталған жоқ", – деп мәлімдеді Нұрайдың туысы Кәрім Кенжетаев otyrar.kz порталына.

Желіде қазақстандықтар Шымкентте болған 21 жастағы қыздың өліміне байланысты оқиғаны қызу талқылауда

Редакциямыздың аймақтық тілшісі оқиға орнына барған еді. Сол жерде болған көршілер мен куәгерлер есеңгіреп қалғанын алға тартты.

“Естігеніміз сол қыз 21 жаста, жігіт 1994 жылғы. Екеуі бұрын кездесіп жүрген. Оқиға 18:40-та болды. Қыз үйінен шыққан, екеуі сөйлескен. Кейін жанжалдасқан. Жігіт қызды ұрып, пышақ тыққан. Беті, қолы, арқасы, ішінен пышақтаған, қатты жарақат алған. Қатты қинаған. Жұмыстан келе жатқан бір келіншек оларды көріп қалып айғайлағанда, жігіт қорқып қашқан. Ол жеткенше қайтадан барып 3-4 рет тағы пышақ тыққан. Қыз сол жерде-ақ жан тапсырды. Ал жігіт бірден қашып кетті. Көрген куәгерлер бірден полиция шақырды. Қатты уайымдадық, біздің де бала-шағамыз бар. Кейін қорқып сұрағанымызда осыдан екі-үш күн бұрын да сол қыздың дауысын естіген екен көршілер. Жұмыстан қайтып келе жатқандар екеуінің ұрcысып, айғайласып тұрғанын көрген екен. Не себеп екенін білмейміз. Дегенмен екі-үш күн қатарынан екеуі жанжалдасып, ақыры осылай болып отыр”, – деді Динара Тілеубердиева есімді тұрғын. 

Желіде қазақстандықтар Шымкентте болған 21 жастағы қыздың өліміне байланысты оқиғаны қызу талқылаудаФото: Stan.kz

Тағы бір тұрғын оқиға кезінде айналаның бәрі қоршалып, үйге өте алмағанын айтты.

“Көршілер чаты бар еді. Сол жақтан білдім. Үйге келе жатқанымызда бізді ары қарай өткізбеді. Полицейлер қоршап тастаған. 2-3 минут арасында қыз жан тәсілім етті. Бәріміз шошып кеттік. Есімізді әрең жинадық. Осы бір жерде жарық та аз. Енді көршілер осы жаққа жарықты көбейтсін деп талап етпек”, – деді ол. 

“Қызды алып қашқан: Бірақ отбасы қарсы болып қайта алып кеткен”

Сабина Маулинова есімді желі қолданушы бұл жігіттің бұрын қызбен үйленбек болғанын жазған

“Шымкентте қызды жігіт үйленемін деп алып қашқан. Ата анасы келіспей қызды кері алып кеткен, себебі жігіттің ауруы болған. Жігіт ашуланып қызға барып, кетіп қалғаны үшін пышақтап өлтірген. Жігітке “жоқ” деуге қорқатын заманға жеттік пе? Қыздың ата анасына обал болды-ау”, – деп жазған ол.

Дегенмен бұл ақпарат расталмаған.

Тағы бір желі қолданушысы жігітті танитынын жазған.

“Әкесі Юг Сити, "Колос" базары жақта жұмыс істейді. Таныстары арқылы "психикалық тұрғыда сау емес" деген анықтама алып беретіндей мүмкіндігі бар. Мен оны жеке танимын, агрессивті адам болатын, бірге жұмыс істедік. Уақытылы жұмыстан шығып кеткенім жақсы болды”, – деді ол пікірлер арасында. 

Желіде қайғылы оқиға болған аймақта тұратын тұрғындар да қорыққандарын жазды. 

“Шымкентте бүгін болған жағдайды естіп, жағамды ұстадым. Негізі мен осы ауданның тұрғынымын. Тіпті сол көшенің бойымен жұмыстан қыздармен бірге жаяу қайтатынбыз. Осы жағдайдан кейін енді жаяу жүрмейтін шығармын. Жаным-ай, әп-әдемі, өрімдей қызды өлтіріп, бұл хайуан не тапты екен? Әлі күнге дейін жүрегім ауырып отыр. Иманы саламат болсын”, “Мен де дәл сол маңда тұрамын ғой. Әдетте ішінде газонда балалар жүгіріп ойнайтын. Көліктер көп өтіп, үнемі кептеліс болатын. Дәл бүгін сондай жағдайға тап келгені ме екен. Ата-анасына обал болды”, – деп жазды тұрғындар.

Фото: Желі кадрларынан скрин

"Ол өлтіруге дейін барған болса, қыз жаман нәрсе істеген шығар"

Резонансқа айналған оқиғаға байланысты көпшіліктің пікірі екіге бөлінуде. Кейібірі жігіттің бұл әрекетіне қандай да бір себеп бар шығар деп жазған.

“Бәлкім, қыз бір жаман нәрсе істеген шығар. Тіпті өлтіруге дейін барған болса", “Мәселе ұлда емес жалпы жастарда. Ешкім баласын жаман болсын деп тәрбие бермейді. Қыздар да өтірік жала жауып, ұлдардың өмірін құртуда, оны да ұмытпайық”, “Екі жігітпен қатар жүрудің де қажеті жоқ қой, бұл ақылға қонбайды. Мен кісі өлтіруді ақтап отырған жоқпын, қылмыстың аты қылмыс. Бірақ осы жағын да ойланыңдар. “Қырық үйден тыю” деген сөздің мәні де осы шығар”, – деп жазды кейбірі.

Дегенмен бұл пікірге көпшілік наразылығын білдірді.

“Бұл оқиғада олардың бір-бірін танығаны белгілі. Енді сұрақ туындайды: бұған қыздың өзі кінәлі ме? Бір нәрсені дұрыс айтпады ма, әлде дұрыс істемеді ме?! Әлде бұл жігіттің эмоциялық интеллектінің жоқтығы мен нәзік, жараланғыш эгосының салдары ма”, “Менікі боласың, болмаса ешкімге бұйырмайсың" деп адам өлтіруге бола ма? Қыз баласы жігітке "жоқ" деуге қорқатын заманға жеттік. Қыздарды қырық үйден тыйғанша, жігіттерге адамдық пен жауапкершілікті үйретейік”, “Ұлдарыңды тәрбиелемесеңдер, қыздардың соры боласыңдар! Ұлдарыңды жүз үйден, тіпті мың үйден тыйыңдар!”, – деп жазды жұрт.

Еске салсақ, Шымкентте 21 жастағы қызды көшеде пышақтап кеткені туралы хабарлаған едік. Қазір полиция 1994 жылғы жігітке іздеу жариялаған. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 18:45