"Жігітім алдап кетті": Өз-өзіне пышақ сұғуға әрекеттенген жүкті келіншектің оқиғасы жұртты шошытты
Бүгінгі таңда тағдыры бір-біріне ұқсас дәл осындай 25 әйел Алматыдағы "Аналар үйінде" тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Мәселен, Алматы облысының тумасы Айдана Әбдиева есімді 24 жастағы арудың қазір ай-күні жетіп, таяуда ана атанбақшы. Оның сөзіне сенсек, екі жыл көңіл жарастырған жігіті жүкті қылып, алдап кеткен көрінеді.
"Үйленеміз деп бір-бірімізге уәде бергенбіз. Менің жүкті екеніме сенбейді және іштегі баланың әкесі екеніне де сенбейді. "Әлі үйленбеймін, сенбеймін, мен әлі жаспын" дейді. Бұл жағдайды жігіттің әке-шешесі білмейді. Менің анам осында екенімді біледі, ағам білмейді. Мен жыладым, пышақ алып, өз-өзіме қол жұмсауға дейін бардым. Сосын ойымнан қайттым", – дейді Айдана Әбдиева.
"Аналар үйін" паналаған келіншектердің бірі сүйген жігітінің нашақор екенін айтса, тағдыры тауқыметке толы тағы бір әйел өзінің баласын мойындамайтын еркектердің көп екенін жасырған жоқ.
"Аналар үйі" қоғамдық қорының үйлестірушісі – Аминат Джуппаеваның айтуынша, құрсақтағы баласынан бас тартқан жауапсыз әке, некесіз туған немересі мен келінін айдалаға тентіретіп жіберген ата-ене және ай-күні жеткен қызын үйінен қуып шыққан ата-ананың кесірінен қаншама сәби дәл осы шаңырақта өсіп жатыр.
"Қыз ұятқа қалдырды, жерге қаратты" деген қазақта менталитет бар ғой. Сол үшін ата-аналары қызынан бас тартады. "Балаңды тастап кетсең, перзентханаға, балалар үйіне өткізсең біз сені қабылдаймыз" деп айтатын ата-аналар да бар. Бұл – басты проблема. Екіншіден, баланың әкесі бас тартады. Үшінші мәселе – келін жігіттің туыстарымен тіл табыса алмайды. Содан кейін әйелдер далада қалады", – дейді Аминат Джуппаева.
Қоғамда қызу талқыланған сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз!