Жезқазғанда "Қазақмыс" жұмысшылары әріптестеріне тағылған айыптарға келіспей, наразылық білдірді (видео)
Видеодан скрин
“Қазақмыс” корпорациясының бір топ жұмысшысы өткен жылы “Жомарт” кенішінде жеті кенші қаза тапқан іс бойынша тергеуге қарапайым жұмысшылардың тартылуына келіспейтіндерін айтып, наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұмысшылардың айтуынша, кеніштегі апатқа компания басшылығы жауапты болса да, тек қатардағы жұмысшылар айыпталып жатқан көрінеді. Қызметкерлер видеоүндеу жолдады.
“Біз Жезқазған қаласындағы “Қазақмыс” корпорациясының шахта қазу тресінің жұмысшыларымыз. 2025 жылғы 17 ақпанда орын алған, жеті адам қаза тапқан қайғылы оқиғаға біздің трестегі жігіттерге жүктелуіне келіспейміз”, – дейді жұмысшылар видеода.
Сондай-ақ жұмысшылар болған оқиғаға қатысты әділ әрі жан-жақты тергеу жүргізуді талап ететіндерін мәлімдеді.
"Қазақмыс" корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өтті
Qazaq Stroy-дың "Қазақмыс" корпорациясын сатып алуына швейцариялық компания көмектескен
Ұлытау облыстық полиция департаменті іс бойынша тергеудің аяқталғанын мәлімдеді, алайда қылмыстық іс бойынша күдіктілердің саны мен атқаратын лауазымдары туралы ақпарат берген жоқ.
“Кеніште болған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Жауапты тұлғалардың әрекеттері қылмыстық кодекстің "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша сараланды. Қылмыстық істің материалдары тараптардың танысуы үшін жолданды. Өзге мәліметтер жария етуге жатпайды”, – делінген Ұлытау облыстық полиция департаментінің жауабында.
Айта кетейік, 8 қаңтар күні қоғам белсендісі Берік Жағыпаров желідегі параұшасында Жезқазған қаласындағы бір топ жұмысшының видеоүндеуін жариялады. Видеода жұмысшылар тергеу қорытындыларымен келіспейтіндерін айтыды. Атап айтқанда, видео авторлары адам өліміне байланысты жауапкершілік қарапайым жұмысшыларға жүктелмеуі тиіс деген пікірде. Жағыпаровтың парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қазір Жезқазған шахта қазу тресінің үш қызметкері тергеуде, ал “Қазақмыс” корпорациясының басшылары іс бойынша күдіктілер қатарында жоқ.
Еске салсақ, 2025 жылдың 17 ақпанында Ұлытау облысын “Қазақмыс” корпорациясына тиесілі "Жомарт" кенішінде апат болып, жеті жұмысшы үйінді астында қалған еді. Үйінді астында қалған жұмысшылардың барлығы қаза тапты. Премьер-министр Олжас Бектенов апатты тексеру нәтижесінде апатқа жұмыс берушінің 100% кінәлі екені анықталғанын мәлімдеді.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді