Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар қытайлық сайттардан жануарларға тапсырыс беріп, өлтіріп алған

Фото: Желі кадрларынан скрин

Қытайлық сайттардан тасбақа, қоян немесе балыққа тапсырыс беру қаншалықты дұрыс? Қазақстандықтар желіде осындай тапсырыстар жасайтындарды сынға алды. Пікір білдірушілердің айтуынша, жануарларды тасымалдау кезінде оларға ешқандай жағдай жасалмайды және көбіне қорап ішінде өлі күйде жеткізіледі. Бұл жануарларды қорлап қана қоймай, олардың өліктері санитарлық талапты бұзады. Stan.kz тілшісі осы тұста мамандардан мұндай тапсырыстардың қаншалықты тексерістен өтетінін сұрап білді.  

Желі жазбасында қазақстандық, қорап ішінде өлі жатқан тасбақаларды көрсетті

“Бұл тасбақаны Қытайдан Pinduoduo арқылы қалай тасымалдауға болады? Олар не ойлап отыр? Мына фотоны карго қызметкерлері түсірген. Өкінішке орай, тасбақа өліп қалған”, – деп жазды ол. 

“Кесіртке, қоян, қоңыз бен тірі балық тапсырыс береді: Иісі адам төзгісіз”

Бұл жазбадан соң жұртшылық қытайлық сайттардан осыған ұқсас тапсырыстардың көп берілетінін алға тартты. 

“Тасбақа? Кейбірі сиыр мен итке тапсырыс берген екен. Тіпті қазақстандық қыздың кішкентай, жұмсақ қоянға тапсырыс бергенін көрдім. Әрине қоян жеткенше шыдамай өліп қалған”, “Тасбақа емес, аквариум балықтарын тапсырыс бергенмін. Қыстың ортасында тапсырысым мұз болып қатып келді”, “Біздің каргода бірде біреуМадагаскар тарақандарына тапсырыс берген. Олар тірі жетіп қана қоймай, қаптаманы тістеп сыртқа шығып кеткен. Қызметкерлер оларды ұстап жинаған. Ал тапсырыс берген жігітке айыппұл салынды”, “Менде де карго болды. Адамдар тасбақа, кесіртке, қоңыз бен тірі балықтарға тапсырыс береді. Сол кезде иіс қалай шығатынын айтып жеткізу қиын”, – деді жұртшылық. 

Көпшілік тапсырыс беретін адамдардың бұл әрекетін жануарларға деген зұлым қатынас деп бағаласа, енді бірі осындай тапсырыстың шекарадан тексерілмей оңай өтетініне шағымданды.

“Қытайлықтарды кінәлау оңай, әрине олар да мінсіз емес. Қаптама гумандық талаптарға сай емес, бірақ ол негізінен Қытай аумағындағы қысқа мерзімді жеткізуге арналған. Сатушы тауарды Қытай ішіндегі мекенжайға жібереді. Ал біреудің тірі жануарға тапсырыс беріп, оның апталап жолда жүретінін ойламауы мүмкін.

Кеден қызметі жинақталған жүкпен жұмыс істейді. Иә, фуралар сканерден өтеді. Бірақ құрылғылар қауіпті заттарды анықтауға бағытталған, жануарларды іздеуге емес. Қорап ішіндегі тірі жануар сканерде жай ғана тығыз жүк ретінде көрінуі ықтимал. Карго компанияларының көпшілігі жануар тасымалдауға тыйым салады және әр қорапты жеке-жеке ашып тексермейді. Сондықтан мұндай жағдайда негізгі жауапкершілік жануарға тапсырыс берген адамның өзіне жүктеледі”, – деді желі қолданушысы.



“Тапсырысты өзге ел жіберетіндіктен сатпа деп айта алмаймыз”

Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекция басқармасындағы шекараға жауапты мамандар Қытайдан келетін тауарлардың пошталық қызмет ретінде тексерілетінін алға тартты. 

“Шекарадан өткенде жануарды арнайы мамандар тексереді. Үйге сәндік мақсатта әкелінетін кез келген жануарды тасымалдау кезінде оның қай жақтан келгені, жағдайы қандай екенін көрсету міндетті. Мәселен ит, мысық сияқты жануарлар өтіп жатады. Алайда көбіне олар тексерістен өтіп, вакцинацияланған ветеринарлық құжатымен болады. Шекарада арнайы ветеринар мамандар бар. Олар да тексеріп өткізеді. Алайда қытайлық маркетплейтен келетін тауарлар көбіне пошталық тасымалдау қызметі арқылы келіп жатқандықтан оларды бақылау мүмкін емес. Шекарадағылар қорапқа салынған заттарды жалпы тексереді. Бірақ саны өте көп, барлық қорапты бір-бірлеп ашып қарай алмайды. Әрине жануарды қорапқа салып тасымалдаған соң, ол жетемін дегенше бірнеше күн ішінде өліп қалады. Бұлай тасымалдау дұрыс емес”, – деп түсіндірді мамандар. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев тапсырысты тұрғындар өзге елден бергендіктен оларға жеткізу талаптарын қоя алмайтынын алға тартты. 

“Негізі қытайлық маркетплейстер арқылы тапсырыс кезінде басқа ел болғандықтан оларға өзіміздің талаптарымызды қойып, сатпа деп те айта алмаймыз. Ал тапсырыс ел ішінде жасалса, бізде тасымалдау тіртібі бекітілген. Мәселен, жануардың көлеміне қарай арнайы жәшік таңдау, оған ауаның жеткілікті болуы, жануардың қозғалысына жағдай жасау туралы жалпылама норма бар. Ал шетелдік сатушыларға біз мұндай талап айта алмаймыз. Оның үстіне сататын жануарлар қызыл кітапқа енгізілмеген жануарлар. Сол себептен олар еркін саудаланып жүр. Негізі әр адам жануардың қауіпсіздігі туралы ойлануы керек. Дегенмен адамдар қатыгездікпен немесе білместікпен осындай әрекеттерге көп барып жатса, арнайы ғылыми ұйымдармен бірлесіп ақпараттандыру жұмыстарын жүргізе аламыз”, – деді ол.

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 18:38