Талдықорғанда бағдарламашы, экс-полицей және медбике жалған медициналық құжаттарды сатып келген
Жетісу облысының полицейлері жалған медициналық құжаттарды сатып келген топты ұстады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі полиция ұсынған ақпаратқа сүйеніп хабарлайды.
Алаяқтық жасады деген күдікке ілінгендерді анықтау және оларды кейіннен ұстау прокуратураның үйлестіруімен Жетісу облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері ұйымдастырған арнайы операция барысында жүргізілген.
Полиция мәлімдемесіне сүйенсек, ұсталғандар медициналық қызметті жүзеге асыруға құқық беретін жалған медициналық сертификаттарды дайындау және сату, клиникалық практикаға рұқсаттар, сондай-ақ біліктілік куәліктерін ұсыну бойынша қызмет ұсынған. Бұл сертификаттар медициналық практикамен айналысу құқығын береді, сонымен қатар клиникалық практикаға қол жеткізуді қамтамасыз етеді (мамандық бойынша науқастармен жұмыс).
- Жемқорлық әшкере болды: Депутат жарты миллиард теңгеге жуық алаяқтық фактісі бойынша ұсталды
- "Бір грамы 15 мың теңге": Шымкентте арзан алтын алғысы келген тұрғындар алаяққа алданып қалды
- "Арандатушылық операция": Прокурор оралдық блогерге жеті жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады
Топтың құрамында бағдарламашы, бұрынғы құқық қорғау органының қызметкері және жеке медициналық орталықтың медбикесі болған.
"Күдіктілерден ондаған ұялы телефон, көптеген банктік және флэш-карталар, компьютерлік техника, қатты дискілер, әр түрлі оқу орындары мен медициналық мекемелердің бірнеше адамдардың атына толтырылған 300-ге жуық біліктілік куәліктері табылды. Еліміздің түрлі өңірлерінен тапсырыстар түскен деп шамалап айта аламыз", - деді Жетісу облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Сарқытбай Құсайынов.
Еліміздің әр өңірінен келген азаматтар ақшаны карталарға аударғаны белгілі болды.
Полиция ұсталғандардың кінәсін мойындағанын атап өтті.