74,7 млн теңге: Жетісу облысында қоғамдық дәретханаларға бөлінген ақшаны жымқырған шенеунік пен кәсіпкер сотталды
Жетісу облысында туристік нысандарға қоғамдық дәретхана орнату үшін бөлінген ақшаны жымқырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Соттың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен "СтеклоПро" ЖШС директоры туристерге арналған қоғамдық дәретханалар орнату және абаттандыру бойынша жалпы сомасы 74,7 млн теңгеге бес шарт жасасқан. Дәретханалар 2020 жылдың соңына дейін орнатылуы керек болған.
Кәсіпкер жұмысты бастағандай болып көрініп, бірақ соңында ештеңе істемеген. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жалған актілерге қол қойған, оған сәйкес облыстағы туристік нысандарға дәретханалар орнатылып, ЖШС есепшотына 74,7 миллион теңге ақша аударылған.
Атырауда емхананың бас есепшісі бюджеттен жарты миллиард теңге жымқырған
Сот ЖШС директорын ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырып, дәл сондай мерзімге мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырды. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында балабақша басшылығы 240 миллион теңге жымқырғаны туралы жазған едік.