Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында сот орындаушысы балалардың алиментіне төленген ақшаны жымқырып келген

Жетісу облысында сот орындаушысы алимент төлеуге арналған қаржыны өндіріп, кейін өзі алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жетісу облысының прокуратурасының мәліметінше, жеке сот орындаушысы Талдықорған қаласында заңсыз жолмен баю схемасын қолданған. Ол сол әрекетімен балаларды алиментсіз қалдырған.

“Бірінші кезеңде ол алимент төлемдерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша заңды түрде борышкерлердің жалақысынан сомаларды ұстап қалу туралы қаулы шығарған. Сосын оны жұмыс берушілерге жіберген. Одан әрі борышкерлердің жұмыс берушілерінен ақша түскеннен кейін ақшаның көп бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын алимент өндіріп алушыларға аударған”, – делінген хабарламада. 

Сот орындаушысы осындай тәсілмен 2 млн теңгеден астам сомада қаражат жымқырып отырған. 

“Мысалы, бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан өндіріп алуды 2025 жылдың сәуір айынан бастаған. Жұмыс беруші сәуір айынан маусым айына дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам сомаға алимент төлемдерін аударған. Алынған соманың 170 мың теңгесін ғана өндіріп алушыға аударып, қалғанын жымқырған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, ол осыған ұқсас схеманы бірнеше рет қолданып, оның көмегімен 2 миллион теңгеден астам соманы қалтасына салған”, – деді ведомство. 



Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық кодекстің 251-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 13:43
Талқылау