Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында қардан қорғайтын қоршаулар қирап, екі жылдан бері сол күйі жатыр (видео)

қарлы бораннан қорғайтын қоршауларФото: Видеодан скрин

Журналист Сандуғаш Дүйсенова желідегі парақшасында Жетісу облысында қардан қорғайтын қоршаулар пайдалануға берілген соң қатты желдің екпініне төтеп бере алмай, небәрі бір жарым айда қирап қалғанын айтады. Қираған қоршаулар түсірілген видео қызу талқыланып, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы сынға ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Сандуғаш Дүйсенова Жетісу облысындағы қардан қорғау қоршауларының қирап қалғанын көрсетті. Бұл қоршаулар Жоңғар қақпасындағы дауылды желден жолды қорғауға тиіс еді.

"Ақша желге ұшқан жоқ па? Жетісуда қарлы боранға қарсы орнатылған бетон "қалқандар" пайдалануға берілгеннен кейін небәрі бір жарым айда қирап қалды. Бұған кінәлі кім, дүлей табиғат па, әлде шенеуніктер ме? Ал бюджеттен кеткен шығынды неге ешкім есептемейді?" – деп шағымданды журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Сандуғаш Дүйсенова қираған жерге барып, қоршауларды түсірген. Қоршаулардың көбі құлағаны көрініп тұр.

Жобаның тапсырыс берушісі "ҚазАвтоЖол" ҰК" компаниясы. Ал мердігер мен жобалаушысы "АБК Автодор НС" ЖШС және "Қаздорпроект" ЖШС-ы болды. 

Құжатқа сәйкес екі қатардан тұратын 3300 метр қоршау салу қарастырылған. Сөйтіп 2023 жылғы 2 қазанда бұл нысан салтанатты түрде пайдалануға берілген екен. 

қардан қорғайтын қалқанФото: goszakup.gov.kz

Бұл мәселеге қатысты "ҚазАвтоЖол" ресми түсініктеме сұрадық. Компанияның мәліметінше, оқиға жолдың 111-114 шақырымындағы учаскеде болған және құжаттарға сай жұмыстар атқарылғанын айтады.

Алайда сол жылдың 15 қарашасында жылдамдығы 34 м/с-қа жеткен дауылды желдің салдарынан қоршаулардың бір бөлігі қираған.

"Зақымдану фактісі тексеру актілерімен, "Қазгидромет" РМК-ның ресми қорытындысымен, сондай-ақ Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жүргізген зертханалық зерттеулермен расталды", – деп нақтылады компания өкілдері.

"ҚазАвтоЖол" аталған автожол учаскесі мердігер ұйымның кепілдік қызметінде екенін атап өтті.

"АБК-Автодор НС" ЖШС-не ресми талаптар жолданды, кепілдік міндеттемелер аясында анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Қалпына келтіру жұмыстарының барысына қадағалау мен бақылау жалғасып жатыр. Қоршаудың бүлінуіне ұлттық оператордың қызметі емес, мердігердің өз міндеттемелерін тиісінше орындамауы себеп болған", – деп жауап берді "ҚазАвтоЖол" компаниясы.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 17:33
Талқылау