Жетісу облысында ер адамды пышақтаған жасөспірім 4 жылға сотталды: Жәбірленуші тарап үкіммен келіспейді
Жетісу облысында 21 жастағы жігітті аяусыз пышақтаған 17 жастағы оқушыға сот үкімі шықты. Жасөспірім “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабымен төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл басында көпқабатты үйдің маңында 17 жастағы бозбала өзінен төрт жас үлкен Жасұлан Нұрлановқа пышақ жарақатын салған еді. Ол жігіттің жүрек тұсына, мойнына төрт рет суық қару сұққан. Көп ұзамай жанындағы бір топ адаммен қансыраған жас жігітті сүйреп, қыстың аязды күні далаға тастап кеткен. Абырой болғанда, тұрғындар дер кезінде жедел жәрдем қызметін шақырып, жігітті аман алып қалған.
Жасөспірімнің мұндай қатыгездікке не үшін барғаны сот барысында да анықталмады.
Жәбірленуші тарап мұны адам өлтіруге оқталу деп отыр. Оған қоса, сотталушының достары жазасыз қалғанына қапалы. Тергеу “Адам өлтіруге оқталу” дерегімен жүргізілгенімен, судья өзге бап бойынша үкім оқыған. Бұған келіспеген жәбірленуші тарап әділдікке қол жеткізу үшін соңына дейін барамыз деп отыр.
“Біз бұл үкіммен түбегейлі келіспейміз. Істе кісі өлтіруге оқталудың барлық белгілері бар. Жоғарғы сотта мұндай істер “кісі өлтіруге оқталу" бабымен саралануға жататыны туралы түсініктеме болғанымен прокурордың неліктен ұстанымын өзгерткені және соттың істі қайта саралау туралы шешімі бізге түсініксіз. Біз мұны жазаны негізсіз жеңілдету деп санаймыз”, – дейді Жасұлан Нұрлановтың туысы Салтанат Барысбаева.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
