Жетісу облысында ер адам әйелін ұрып өлтірген
Фото: pixabay.com
Жетісу облысы Ақсу ауданында ер адам әйелін ұрып өлтірген. Оқиға 22 маусымда болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Криминальный Казахстан” Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұм 30 жастағы Айзаттың туыстарының сөзінше, күйеуі әйелді ұрып-соққан соң алдымен ата-анасының үйіне, тек содан кейін аудандық ауруханаға алып барыпты. Алайда мекемеде жөндеу жүріп жатқандықтан, Талдықорғанға жеткізуге тура келген. Бірақ әйел ауруханаға жетпей жан тапсырыпты.
"Оның мәйітін мәйітханадан ешбір құжатсыз алдық. Денесінің сау-тамтығы қалмаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, күйеуі өлтіріп отыр. Әділ тергеу жүріп, кінәлі лайықты жазасын алса дейміз", – дейді марқұмның әпкесі.
Жетісу облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Қазір іс қозғалып, тергеу басталған.
"Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, мән-жайы анықталады. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", – делінген полиция хабарламасында.
Марқұмның артында 2 жасар қызы қалды.

Соңғы бес жылда 1,5 миллиардқа жуық теңгеге 47 мультфильм түсіріліп, тек төртеуі экранға шыққан
