Жетісу облысында оқушыны 9-сыныпқа қабылдаудан бас тартқан мектеп директоры сотта жеңілді

Жетісу облысында сот Талдықорған қаласындағы мектеп директорының ата-ананың өтінішін қабылдамай, тіркемеген әрекетсіздігін заңсыз деп таныды. Іс кәмелетке толмаған баланы 9-сыныпқа қабылдауға қатысты туындаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Талдықорған қаласындағы орта мектептердің бірінің директорына қатысты әкімшілік істі қарады. Талап қоюшы мектеп басшысының әрекетсіздігін заңсыз деп тануды сұраған.
Іс материалдарына сәйкес, азамат кәмелетке толмаған ұлын тұрғылықты жері бойынша 9-сыныпқа қабылдату үшін мектеп директорына жолдама алу мақсатында жүгінген. Алайда оның өтініші қабылданбай, жолдама беруден бас тартылған. Сонымен қатар өтініш тіркелмеген және оған жазбаша, дәлелді жауап берілмеген.
Талап қоюшының айтуынша, бұл жағдай баласының жалпы орта білім алу құқығын жүзеге асыруына кедергі келтірген. Сот отырысы барысында талап қоюшының мектеп директорына жүгінгені іс құжаттарымен және мектептің жазбаша жауаптарымен расталды. Алайда өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген, әкімшілік рәсім қозғалмаған және уақытылы жазбаша жауап берілмегені анықталды. Сондай-ақ, талап қоюшы жүгінген уақытта аталған мектепте 9-сыныптарға қабылдау әлі жалғасып жатқан.
Сот Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы", "Білім туралы", "Баланың құқықтары туралы" заңдары және Оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының талаптары бұзылған деген қорытындыға келді. Сот шешімімен мектеп директорының талап қоюшының өтінішін қабылдамауы, тіркемеуі, мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін орындамауы және жазбаша дәлелді жауап бермеуі заңсыз деп танылды.
Ал "Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі" мемлекеттік мекемесіне қатысты талап қою талаптары қанағаттандырылған жоқ. Сондай-ақ жауапкерден талап қоюшының өкілдік қызметіне жұмсаған сот шығындары 100 000 теңге көлемінде өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
- "Балам ауру емес": Атырауда мектепте қолына балта ұстап жүгірген оқушының анасы оқиғаның себебін айтты
-
Қазақстандық оқушы 50 мың теңге бермесе, мектепке шабуыл жасайтынын айтқан
Еске салайық, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушы Алматыдағы №8 мектептен аттестат алғанын жазған едік. Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Facebook парақшасында 11-сынып оқушысының емтихан кезінде телефон қолданғанын, яғни академиялық адалдық қағидаларын бұзғанын мәлімдеді. Телефон тәркіленген сәтте оқушы мұғалімге бейәдеп сөз айтып, агрессия көрсеткен. Бұған дейін де оқушының тәртібіне байланысты мәселелер болған. Жанғозин бұл жағдай тек мектептің емес, отбасы мен қоғамның да жауапкершілігін көрсететінін атап өтті.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты