Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында 5 адам қаза тапқан жол апаты: Марқұмдардың туыстары шымкенттік компанияның жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады

Фото: istockphoto.com

Алматы – Өскемен тасжолында бес адам қаза тапқан жол апатына қатысты тың деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты 2023 жылы болған. Жүк көлігі мен бірнеше жеңіл көлік соқтығысқан апатта 5 адам қаза тауып, тағы 8 адам жараланған еді. 

Жол апатына қатысты істің сотқа жетуіне екі жылға жуық қажет болды. Осы уақыт ішінде іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта жанданған.  

Жол апатына себепкер Volvo FH-Truck жүк көлігін жүргізген шымкенттік Ердәулет Жорабек "Dala-Fruit.kz" компаниясында жұмыс істеген. Жәбірленушілердің айтуынша, дәл осы ұйым апатқа қатысқан жүк көлігінің иесі болған. Ашық деректерде "Dala-Fruit.kz" компаниялар тобы 2012 жылы құрылғаны, оның иесі белгілі Болатбек Нажметдинұлы Әлиев екені көрсетілген. Қазір компанияның құрылтайшысы – Жәния Болатбекқызы.

"Бір сәтте әйелім Ермекжан мен жеті жастағы қызым Інжуді жоғалтып алдым. Volkswagen Passat жүргізушісі Ерлан Абдуллаев, оның жолаушысы Гүлназия Сейсембаева, сондай-ақ Nissan Cefiro жолаушысы Қаламқас Станова да қаза тапты", – дейді апаттан аман қалған Болат Асылбеков.

Жетісу облысы полиция департаменті жүргізген жол апатына қатысты тергеу үш айға созылған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жүк көлігінде техникалық ақаулар анықталмаған. Дегенмен, қылмыстық іс бастапқыда жүргізушінің көктайғақта көлікті басқара алмағаны себепті жабылған.

"Сараптама тежегіштер мен рөлдің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын көрсетті. Сол кезде бәрі оңай емес екенін түсіндік. Компанияның артында үлкен мүмкіндіктері бар біреу тұрған сияқты", – дейді қаза тапқандардың туыстары.

Олардың бас прокуратураға жасаған шағымдары мен БАҚ-тағы шудан кейін тергеу қайта жанданған.  

Қайта сот процесі кезінде Volvo FH-Truck жүк көлігі (мемлекеттік нөмірі 849BA13) және KRONE COOL LINER тіркемесі (мемлекеттік нөмірі 50FVA13) "Dala-Fruit.kz" компаниясына тіркелген болып шықты. Алайда, компанияның өкілі сотқа 2022 жылдың 23 қарашасында жүргізуші Е. Жорабек пен "Dala-Fruit.kz" компаниясы арасындағы жалға алу келісім-шартын ұсынды.

Сот отырысы кезінде айыпталушы көлікті жалға алмағанын және құжаттарға бұрынғы адвокатының кеңесі бойынша, мазмұнын толық түсінбей қол қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қол қою кезінде құжатта не жазылғаны ескертілмеген.

"Мен көлікті жалға алған жоқпын. Менен құжаттарға қол қоюды, бірақ не үшін екенін түсіндірмеді. Мен бұл есептер үшін керек екен деп ойладым", – деді айыпталушы сотта.

Алқабилер соты Ердәулет Жорабекті “жол қозғалысы ережелерін бұзу нәтижесінде екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққаны” үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Жәбірленушілердің моральдық залал өтеу туралы азаматтық талаптары сотта қаралмады. Ол арыздар жалға алу келісімінің болуына байланысты азаматтық өндірісте қаралуға жолданған.

Марқұмдардың туыстары мұны компанияның істі созып, нақты жауапкершіліктен қашу әрекеті деп санайды. Олар компаниядан залалды өтеуді талап етіп, әділеттілікке қол жеткізуді жоспарлап отыр.  

Бұл іс бойынша әлі соңғы шешім шыққан жоқ. Азаматтық іс жалғасуда.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша әлемде алғашқы үштікте кіргені туралыжазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 22:20
Талқылау