Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті айлығында анасынан айырылғанын айтқан Еркеш Хасен көз жасына ерік берді

Қазақстандық жас әнші Еркеш Хасен “Төрлетіңіз” бағдарламасында анасынан ерте айырылғанын, әжесінің қолында тәрбиеленгенін айтып, балалық шағынан сыр шертті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Өмірде неше түрлі жағдайлар болады. Мен жеті айлығымда анамнан айырылып, әжем мені бауырына басты. Анамның орнын ешкім баса алмайды, бірақ әжем қолынан келгенше анамды жоқтатпады”, – дейді әнші.

Ананың қадірін түсінбейтін адамдардың барын айтқан ол басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

“Студент кезімде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының есігі жабылмайтын. Студенттер күні бойы жүретін, сонда ұйықтаймыз. Бірде ұйықтап жатсам, досымның телефоны бір сағаттай шырылдады. Қарасам, анасы хабарласып жатыр екен. “Мамаң хабарласып жатыр” деп ем, жауап берместен ары қарай ұйықтап кетті. Мұнысы маған қатты тиді. Себебі маған анам хабарласқан емес. Қатты көңілім түсті. Біреуде бар, біреуде жоқ. Біреу қадірін түсінсе, енді бірі қадіріне жете алмайды. Мектепте оқып жүргенде де оқушының туған күнінде ата-анасы торт алып келетін. Сол кезде тамыз айында туғаныма қуанатын едім. Ол кезде сабақ жоқ. “Егер мен қыркүйекте туғанымда маған кім келетін еді?” деген ой болатын. Арасында осылай көңіл босатып алатынмын”, – деді Еркеш көзіне жас алып.

Оның айтуынша, қызы өзінің марқұм анасына қатты ұқсайды.

“Бір қызығы, қызым дүниеге келмес бұрын апатайымның түсіне анам кірген екен. Түсінде анам өзіне ұқсайтын баланы әкеліп, өзі кері бұрылып кетіп қалған көрінеді. Қызым анама қатты ұқсайды. Апатайым көрген сайын “Шешең өзінің орнына жіберген ғой” деп жылайды. Қызымды бақытты қылсам, анам риза болады деп ойлаймын”, – дейді әнші ақтарыла.

Талқылау